Жүргізушілерге арналған лайфхактар: отын үнемдеу, қауіпсіздік пен жайлылық

Жарияланды
Авто лайфхактарды пайдаланудың маңызы неде? / Коллаж: kursiv.media

Көлікті басқару – тек рөлге отырып, газ бен тежегішті басу емес. Бұл жауапкершілік, шығындарды басқару, күтпеген жағдайлармен бетпе-бет келу және күнделікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тәжірибелі жүргізушілер жылдар бойы жинақтаған амал-тәсілдерін өзара бөлісіп отырады. Бұл мақалада Kursiv.media тілшісі сол лайфхактардың ішіндегі ең тиімділерін жинады. Олар жолда сенімді болуға, артық шығынға ұшырамауға және көлігіңізге жақсы күтім жасауға көмектеседі.

Жанармайды үнемдеудің қарапайым тәсілдері

Жанармай бағасы күн сайын құбылып тұрады, сондықтан оны үнемдеу – әр жүргізуші үшін өзекті мәселе. Ең алдымен, бірқалыпты жүруді әдетке айналдырыңыз. Тежегішті жиі басу, жылдамдықты күрт жеделдету жанармайды көп шығындайды. Статистика бойынша тек осы әрекеттен ғана отын шығыны 10–15%-ға дейін артады. Екіншіден, дөңгелектердің қысымын жүйелі түрде тексеріп отырыңыз: қысым азайса да отын шығыны өседі. Жүк салғышта артық салмақ болмауын қадағалаңыз. Қажетсіз заттар қозғалысты ауырлатып, шығынды арттырады. Ұзақ жолға шыққанда круиз-бақылау функциясын пайдаланыңыз және арзан жанармай стансаларын көрсететін қосымшаларды қолданыңыз.

Көлікке күтім: жылдам әрі тиімді тәсілдер

Көліктің сыртқы көрінісі мен салонының тазалығы – жүргізушінің күтім деңгейінің көрінісі.

Бұл ретте бірнеше тиімді тәсіл бар:

  • Біріншіден, шамдарын тіс пастасымен сүрту – олардың жарық түсіру қабілетін қалпына келтіреді.
  • Екіншіден, шаң мен кірді кетіру үшін салонды жиі шаңсорғышпен тазалаңыз, ал панельдер мен орындықтарды жұмсақ матамен сүртіп тұрыңыз.
  • Үшіншіден, терезелерді ішінен тазалауға арналған газетті қолдануға болады – ол із қалдырмайды.
  • Төртіншіден, желдеткіштерге эфир майын тамызып, табиғи жолмен хош иістендіргіш жасауға болады.

Мезгілге байланысты лайфхактар

Қыс кезі көлік жүргізушілері үшін нағыз сынақ. Құлып қатып қалса – спирт негізіндегі антисептик жақсы көмектеседі. Терезе буланбауы үшін – әйнекті кесілген картоппен сүртіп көріңіз. Кешкісін әйнек тазалағыштарды көтеріп қою немесе астына картон салу оларды мұздан қорғайды. Сондай-ақ, аккумулятор қуатын сақтау үшін қозғалтқышты алдын ала қыздыруға арналған таймер орнатуға болады.

Күннен қорғайтын лайфхактарға тоқталсақ. Мәселен, көлікті күн астына ұзақ қою қажет болса — алдыңғы терезенің ішкі жағына күмістелген жылу шағылыстырғыш қойыңыз. Бұл салондағы пластик пен рөлдің қызып кетуін азайтады. Көліктегі орындықтарға жеңіл мата жабу да қызудан қорғайды.

Көлік терезелері жиі буланса — қырынуға арналған көбікті немесе арнайы антифог-спрейді жағып, құрғақ шүберекпен сүртіңіз. Сондай-ақ қағаздан жасалған кофе сүзгілері немесе күріш салынған қапшықтар салонда ылғалды сіңіреді.

Шұғыл жағдайда көмектесетін амалдар

Күтпеген жағдайларда қарапайым тұрмыстық заттар көмекке келеді. Мысалы, пластик бөтелкені – май немесе антифриз құюға арналған жабдық ретінде қолдануға болады. Целлофан мен скотч – уақытша жөндеуге көмектеседі. Ыдыс жуғыш губка – терезе мен айналарды тазалауға өте ыңғайлы. Қолға арналған антисептик – қатып қалған құлыпты тез ерітеді.

Көлік салонына арналған тиімді тәсілдер

Жайлылық – ұзақ жолға шыққанда шаршауды басады. Артқы орындықтың артына органайзер орнату – керек-жарақтар мен заттарды жинақы ұстауға көмектеседі. Кішкентай қоқыс контейнері, су мен кофе үшін ұстағыш, зарядтау кабельдеріне арналған қысқыштар – барлығы сіздің тәртіп пен тыныштығыңыз үшін. Балалармен немесе үй жануарларымен жүргенде, орындықтарға арналған арнайы жамылғыларды пайдалану да ыңғайлы.

Көлік жөндеудің қарапайым тәсілдері

Кішкентай ақауларды шеберханаға апармай-ақ шешуге болады. Панельде шықыл пайда болса – фетр немесе екіжақты скотчпен бекітіп көріңіз. Бампердегі сызаттарды тырнақ бояуымен жасыруға болады. Шүберек пен техникалық аэрозоль көмегімен есік ілмектеріндегі, терезе резиналарындағы немесе дөңгелектегі шиқылдарды басу оңай.

Электронды көмекшілер: қосымшалар мен гаджеттер

Смартфон — көлік жүргізу кезінде таптырмас көмекші:

Біріншіден, бұл навигация: Google Maps немесе Яндекс Навигатор кептелістерді айналып өтуге көмектеседі. Смартфонда интернет болмаса да, Google Maps-тан картаны оффлайн жүктеп алыңыз. Бұл шалғай аймақтарда ыңғайлы. Сонымен қатар, MAPS.ME, OsmAnd сияқты офлайн навигаторлар бар.

Екіншіден, жанармай бақылау үшін қосымшаларды бақылауға болады: Benzuber жанармай бекеттеріндегі бағаны салыстырады.

Үшіншіден, OBD-адаптер мен Torque: Көліктегі ақауларды анықтап, смартфон экранында көрсетеді.

Төртіншіден, Opla, Shtraf или eGov сияқты қосымшалар – айыппұлдарды бақылауға және онлайн төлеуге мүмкіндік береді.

Жолдағы құқықтық лайфхактар

Жүргізуші тек рөлде ғана емес, құқықтық тұрғыдан да сауатты болуы қажет. Айыппұлға келіспесеңіз оған 10 күн ішінде шағымдауға құқығыңыз бар, бастысы фото немесе видео дәлелдер болсын. Сақтандыру мерзімін және ол неге кепіл болатынын нақты біліп жүріңіз. Жол-көлік оқиғасы кезінде сабырлы болыңыз: полиция шақырып, оқиғаны тіркеп, қатысушылармен байланыс ақпаратын алыңыз.

Алғаш рет рөлге отырғандарға арналған кеңестер

Егер алғаш рет рөлге отырсаңыз – маршрутты алдын ала жоспарлап, бейтаныс жерлерде навигаторды қолданыңыз. Жол белгілерін қайталап оқып, негізгі ережелерді есте ұстаңыз. Машинаның өлшемдерін сезінуді үйреніп, әрдайым ара қашықтық сақтаңыз. Қажетті құралдарды ұмытпаңыз: дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш, сүйретпе арқан, фонарик пен аздаған қолма-қол ақша әрдайым жаныңызда болғаны жөн.

Көлік жүргізу – тек көлік басқару ғана емес, өмір салты. Жолда жайлылық, қауіпсіздік және үнемділік – тәжірибе мен дұрыс амалдардың нәтижесі. Бұл лайфхактар сіздің көлік тізгініндегі күнделікті өміріңізді жеңілдетіп, қиындықтардан қорғайды. Жолда сәттілік серік болсын!

Еске сала кетсек, осыған дейін J.D. Power агенттігі әлемдегі ең ірі автокөлік өндірушілерін талдап, ең сапалы көлік шығаратындарын атаған еді. Ұйым жапон және неміс автокөліктері техникалық жағынан ең мықты деген қорытындыға келген. Vehicle Dependability Study атты есепте Toyota Camry, Lexus RX және Volkswagen Passat модельдеріне басымдық берілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз