«Роберто Карлос пен Кафумен кездескім келеді» – жас спорт журналисі

Жарияланды 13 Маусым 2025 15:03

Нұралы Орақбай

Нұралы Орақбай

Автор
Жас спорт журналисі Ілияспен сұқбат
Жас спорт журналисі Ілияспен сұхбат / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Нұралы Орақбай

Ілияс есімді 6-сынып оқушысы инстаграм парақшасын жүргізіп, онда футбол жаңалықтарын бөліседі. Блогын бір жыл бұрын бастап, қазіргі таңда 3000-ға жуық жазылушы жинаған.

Біз одан футболға қызуғышылығының қайдан туғанын, блог жүргізуге не әсер еткенін, болашақта кім болғысы келетінін сұрап білдік.

Мақтарал ауданының тумасына ағасының футбол көретіні әсер еткен. Бір жыл бұрын Германияда өткен Euro 2024 додасы қарсаңында видео салып көрген, бірақ ол аса таралмаған. Кейінгі видеолары кеңінен таралып, блогқа кіріскен. 

Бастапқыда 11 жасар Ілияс итальялық спорт журналисі Фабрицио Романоға еліктеп, оның «HERE WE GO» деген қыстырма сөзін қолданған. Кейіннен ол сөзді қазақша «Мінекей ағайын» дегенге алмастырған.

«Мен үшін оқырмандарым хэйтерлерге жауап қайтарады»

Ілияс блогын бастағанда видеоларына көп кертартпа, ғайбат сөздер жазылатын. Айтуынша,  бастапқыда хэйтерлерге жауап беретін, бірақ кейінгі кезде олардың хабарламаларына мән бермейді. Ол үшін хэйтерлерге оқырмандары жауап қайтарады екен.

«Сабақ пен блогты бірге алып жүру ондай қиын емес. Блогерлікке бар көңілімді аударсам, бәрі қарсы болар еді. Бірақ мен ондай емеспін. Екеуін қатар алып жүремін», – деді ол парақша жүргізудің білім алуына әсері жайлы.

Айтуынша, мектептегі мұғалімдер мен сыныптастары парақшасына жазылған, ұстаздарымен кездесіп қалса, олар ақыл-кеңесін айта жөнеледі екен. Ілияс негізінен футболға қатысады, бірақ қазір жаз мезгілі болғасын бұл ісін уақытша тоқтатқан.

Ілияс бірінші сыныптан бері үздік оқиды. Сүйікті пәндері – жаратылыстану мен қазақ тілі. Ол алдағы уақытта YouTube-та жеке арнасын дамытқысы келеді. 

«Ең үлкен арманым – журналист-комментатор болу. Оған қоса Челси, Реал Мадрид клубтарының матчтарында стадионнан көріп, Коул Палмер, аңыздардан Роберто Карлос, Кафумен кездескім келеді», – деді ол қай футболшымен өмірде кездескісі келетінін айтып.

«Блогымды жалғастыруға оқырмандарымның “алға баса бер» деген сөзі демеу”, – деп блогын жалғастыруға не ынталандыратынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз