Жаңалықтар

Геологиялық барлау: 2025 жылы Қазақстан аумағынан 38 жаңа кен орны табылды

кен орны
Геологиялық барлау негізінде Қазақстанда 38 перспективалы кен учаскесі анықталды / Фото: kursiv.media архив

Геологиялық барлау барысында Қазақстан аумағынан мыс, никель, көмір, алтын және сирек жер металдардан тұратын 38 перспективалы кен учаскесі анықталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«2026 жылға қарай еліміз аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуі 2,2 млн шаршы шақырымға жетуі тиіс. 2024 жылы қамту 2 014,4 мың шаршы шақырымды құрады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қандай ресурстар бар?

2025 жылдың бірінші тоқсанында ауқымды зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде пайдалы қазбаларының әлеуеті жоғары 38 учаске анықталған. Бұл учаскелерде мынадай болжамды ресурстар бар:

  • 2,6 млн тонна сирек жер металдары,
  • 1,1 млрд тонна қоңыр көмір,
  • 3,7 млн тонна мыс және никель,
  • 19 тонна алтын.

Барлауға жұмсалған қаражат

Мұның барлығы барлау саласына құйылған қаражаттың арқасында мүмкін болған. Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024-2026 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына 22,83 млрд теңге бөлінген. 2025 жылдың жарты жылында барлау жұмыстарына 7,636 млрд теңге жұмсалған.

«Жеке инвестициялар маңызды рөл атқарады. 2018 жылдан 2024 жылға дейін геологиялық барлауға 424 млрд теңге салынды, 2025 жылы 106 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Кен орындары сарқылып, геологиялық барлау қарқын алды

Айта кетсек, Қазақстандағы кен орындары сарқылып жатыр. Осыған байланысты үкімет геологиялық барлауға қаражат құйып, әлеуетті кен орындарын іздестіруде. 2024 жылдың аяғында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті Қазақстан аумығанда 76 млрд тонна қоры бар 15 кен учаскесі анықталғанын хабарлаған. Барлау жқмыстары барысында 15 әлеуетті учаскенің бірі – «Батыс» кенішінен 8 млн тоннадан асатын болжамды мұнай қоры анықталған еді.

Бұдан бөлек үкімет аз зерттелген аймақтар – Солтүстік Торғай, Арал, Сырдария, Шу-Сарысу және Ертіс маңы шөгінді бассейндеріне дер барлау жүргізуді жоспарлап отыр.