Тоқаев медицина саласының қызметкерлерін құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласының қызметкерлерін марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, олардың адам өмірін құтқарудағы еңбегін жоғары бағалады. Президент елде денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін, әр маманның еңбегі орасан зор екенін айтты. Сонымен бірге елде медицинаның қарқынды дамып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарғанын атап өтті.
«Қазір ұлттық медицина саласы қарқынды дамып келе жатыр. Жетістіктеріміз аз емес. Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны, яғни, көптеген емхана мен аурухана салынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, мемлекет алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта береді. Ұлт саулығын жақсарту алғашқы медициналық көмектен басталады. Елімізде ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Аудандық ауруханалар заманға сай құралдармен жабдықталып жатыр», – деді президент.
Медициналық көмек алуға шетелден келетіндер көбейген
Елдегі медицинаның дамығанын шетелден арнайы ем алуға келетін адамдар санынан да байқауға болады. Президент жыл сайын 45 мемлекеттен шамамен 10 мың адам Қазақстанға медициналық ем алу үшін арнайы келетінін айтты.
«Бүгінде көптеген ауруханаларымыз халықаралық аккредиттеуден өткен. Нейрохирургия мен Кардиохирургия ұлттық орталықтары әлемдік клиникалар деңгейінде жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетеді. Қазақстандық дәрігерлер жүрекке жыл сайын мыңдаған ашық операция жасайды. Емделушілердің қатарында тіпті, жаңа туған нәрестелер де бар. Елімізде органдарды трансплантациялау ісі жоспарлы түрде дамып келеді. Жуырда жүрек ауыстыруға арналған жүзінші ота сәтті өтті. Биыл алғаш рет бір мезетте үш адамға үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Өздеріне сәйкес келетін органдарды алу үшін пациенттер бір-біріне донор болды», – деді Тоқаев.
Орындалған арман
Президент мұндай күрделі операциялар дүние жүзінің алты елінде ғана жасалатынын айтты. Ал онкологиялық ауруларды емдеуге сәуле терапиясының озық әдістері қолданылады.
«Былтырдан бері елімізде мүлде жаңа бағыт – фетальді медицина дами бастады. Яғни, бұл – ана құрсағындағы шаранаға операция жасау деген сөз. Мұндай бірегей медициналық көмек көптеген баланың дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік сыйлайды. Сирек кездесетін сырқаты бар адамдарды емдеу мен денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттің алдында мұндай науқастарды шетелдік қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді күрделі міндет тұр. Осы орайда менің ұсынысым бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоры үлкен қолдау көрсетіп отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаевтың сөзінің дәлел ретінде мына оқиғаны келтіруге болады.
«2023 жылы Президент Ана мен бала орталығына барған кезде бүйрек трансплантациясы бойынша кезегін күтіп жатқан жеткіншектің арман-тілегін тыңдаған еді. Сонда Қасым-Жомарт Тоқаев армандар орындалатынын айтқан болатын. Арада жарты жыл өткеннен кейін Әнелге ота жасалды. Қазір ол білім алып, алаңсыз балалық балдәуренін өткізіп жатыр»,, – деді жпрезиденттен марапат алған Ана мен бала орталығының нефролог-дәрігері Шолпан Алтынова.