
Қырғызстандағы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) 2GIS-тің Бішкектегі кеңсесін мөрлеп, жауып тастады. Бұл жайлы Kaktus.media басылымы жазады.
Басылымның мәліметінше, Қырғызстан Бас прокуратурасы Қылмыстық Кодекстегі «алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының бюджетке салық төлеуден аса ірі мөлшерде жалтаруы» деген баппен қылмыстық іс қозғаған.
Алдын-ала мәлімет бойынша, компания 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2024 жылдың 31 желтоқсаны аралығында салықтан жалтарған. 57 млн сом салық төлемеген деген күдік бар.
2GIS (кейде DoubleGIS) – 1999 жылы Новосибирскіде негізі қаланған ресейлік компания. Локалдық іздеу қызметі және цифрлық картография қызметін ұсынады. Әлемнің 12 еліне таралған. Қазақстанда Алматы, Астана, Семей, Қызылорда және басқа қалаларда кеңселері бар.