
Ақсудағы ферроқорытпа зауыты атмосфераны ластаушы заттарды шамадан тыс шығарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Экологтар мен табиғатты қорғау прокуратурасы 855 миллион теңге айыппұл салды.
Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыт 2025 жылдың бірінші тоқсанында атмосфераға 663,67 тонна көлемінде ластаушы заттар шығарған. Бұл белгіленген нормадан әлдеқайда артық.
«Тексеру нәтижесінде зауыт Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабы, 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл 855 миллион теңге көлемінде мемлекеттік бюджетке өндіріп алынды», – деп жазылған хабарламада.
Осыған дейін QAZAQGAZ AIMAQ компаниясының Қызылордадағы бөлімшесіне 18,3 млн теңге айыппұл салғанын жазған едік. Оған компанияның тұтынушылардан газға қосылу үшін заңда жоқ қосымша құжат сұратқаны себеп болды.