Жаңалықтар

«Тоқты мен Серке» анимациялық фильмі прокатқа шығады

Фото: Balapan телеарнасы

3  шілдеден бастап «Тоқты мен Серке» толықметрлі анимациялық фильмі кинопрокатқа шығады. Балаларға арналған туындыны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы шығарған.

«2022 жылдан бері «Balapan» телеарнасынан үздіксіз шығып келе жатқан мультхикаяның алты маусымы да жоғары рейтинг көрсетті. Осыған орай, арнаның 15 жылдығы аясында анимациялық мультхикаяның толықметрлі нұсқасы әзірленіп отыр. Кинопрокатқа арналған жобаның жаңа маусымы жаңа оқиғаларға құрылған. Сондықтан, бұл отбасылық туынды тек балалардың емес, ересектердің де көңілінен шығады деген ойдамыз. Фильм жазғы демалыс бойы еліміздің 28 қаласындағы 80-ге жуық кинотеатрда көрсетіледі», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

«Тоқты мен Серкенің» режиссері және сценарий авторы – Батырхан Дәуренбековтың шығармашылық тобы. Ол бұған дейін Balapan арнасы үшін «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Вундеркинд бала» телехикаяларын түсірген.

«Тоқты мен Серке» алғаш рет 2009 жылы «Қошқар мен Теке» деген атаумен көпшілікке жол тартқан. Қорқақ, бірақ қу Теке мен момын болса да батыл Қошқар балалар ғана емес ересектердің де сүйікті туындыларының біріне айналды.

Кейін «Тоқты мен Серке» деген атаумен 15 серияға дейін ұзартылып, Balapan телеарнасынан көпшілікке жол тартты.

Осыған дейін мамырдың соңында Disney студиясының әйгілі «Лило мен Стич» анимациялық фильмі  қазақ тілінде көрерменге жол тартқан еді. Бір апта ішінде 415 млн теңге жинап, ең көп кассалы фильмдер қатарына қосылды.