
Қазақстандағы екі әуе компаниясы – Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді. Бұл туралы әуе компаниялары хабарлады.
Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Иран мен Ирак әуе кеңестігі жабық тұр. Сол себепті компаниялардың Шарм-әл-Шейх, Дубай, Доха және Мәдина қалаларына рейс орындайтын ұшақтары екі елдің әуе кеңістігін айналып ұшады.
Компаниялар жолаушыларға рейс мәртебесін тексеріп отыруды сұрады. Себебі ұшақтардың ұшу және әуежайға қону уақыты өзгеруі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді.