Израиль Иранға қарсы әскери операцияға бірнеше жыл дайындалған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Израиль барлау қызметі Иранға қарсы әскери операцияға ұзақ дайындалған / фото: REUTERS/Lucas Jackson 
Израиль барлау қызметі Иранға қарсы әскери операцияға ұзақ дайындалған / фото: REUTERS/Lucas Jackson 

Израиль Иранға 13 маусымдағы шабуылды бірнеше жыл бойы дайындалған. Барлау қызметі Тегеран маңында құпия дрондар базасын орналастырған. Бұл туралы Ynet басылымы хабарлады.

Израиль басылымы әскери операция туралы мәліметті қауіпсіздік күштеріндегі дереккөздерге сүйене отырып таратты.

Ynet мәліметінше, Израильдің Моссад сыртқы барлау қызметі, Иранға қарсы операция басталмай тұрып, осы ел аумағында дрондар базасын құрған. Ал қашықтан басқарылатын ұшу аппараттарының ішін жарылғышпен толтырған.

Құпия база Иран астанасына жақын маңда орналасқан. 13 маусымға қараған түні Израиль әскері сол дрондарды іске қосқан. Қашықтан басқарылатын ұшу аппараттары Тегеран маңындағы «жер-жер» санатына жататын зымырандарды жойған. Дереккөздердің айтуынша, дәл осы әскери нысандар Израильге қауіп төндірген.

«Күтпеген шабуылдан да асып түсетін жетістік. Себебі Иран соққы жасалатынын білді, бірақ сонда да шабуылдың астында қалды», — дейді қауіпсіздік қызметіндегі бір дереккөз.

Бұған қоса, Израильдегі ақпарат құралдары барлау қызметінің басқа да жасырын операциялары туралы жазып жатыр. Мәселен, Моссад бірнеше автокөлікті Иранға құпия кіргізіп, оларға қару орнатқан. Солардың көмегімен Иран әуе қорғанысы жүйелерін істен шығара алған.

Ynet мұндай операция бірнеше жыл бойы ұйымдастырылғанын хабарлап отыр. Осының алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскери операция мақсаты Ирандағы ядролық инфрақұрылымды, баллистикалық зымырандар зауыттарын жою, осы елдің әскери әлеуметін түсіру деп мәлімдеген.

Тель-Авив Иранға шабуылдау барысында әуе күштерінің 200 әскери ұшағы 100-ден аса нысанаға соққы жасағанын хабарлады. Шабуыл барысында ең ықпалды үш иран генералы қаза тапты.

Қызыл Жарты ай ұйымының Ирандағы бөлімінің мәліметінше, елдің солтүстік, батыс және оңтүстік-батысындағы сегіз провинцияда кем дегенде 60 нысанға соққы жасалған.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз