Жаңалықтар

Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді

Тегеран ғимараттарының біріндегі АҚШ-қа қарсы мурал / фото: REUTERS
Тегеран қаласындағы ғимараттардың біріндегі АҚШ-қа қарсы мурал / фото: REUTERS

Иран жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израильді жұмадағы шабуыл үшін «қатаң жаза» күтіп тұр деп мәлімдеді. Ал иран генералы Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Аятолла Әли Хаменеи Израиль «қылмысты таңсәріде жасады», бейбіт халық тұратын аудандарды атқылады деп мәлімдеді. Бұл туралы CNN телеарнасы IRNA агенттігіне сүйене отырып хабарлады. Иранның жоғарғы көсемі Израильді мұсылмандар үшін қасиетті жұма күні жасалған шабуылы үшін «қатаң жазаланады» деді.

Ол ядролық нысандарға жасалған шабуылдан бірнеше қолбасшы мен ғалым қаза тапқанын айтты. Көсемнің мәлімдемесін IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі таратты.

«Жау шабуылы барысында бірнеше қолбасшы мен ғалым қаза тапты. Олардың шәкірттері мен ізбасарлары, Алла қаласа, солар орындаған міндетті жалғастырады», – деді Хаменеи.

Бұл уақытта Иран қарулы күштерінің баспасөз хатшысы генерал Абольфазл Шекарчи мемлекеттік телеарна эфирінде сөйледі. Ол Иранға жасалған соққы үшін Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Генералдың айтуынша, Иран қарулы күштері қарымта жабуыл жасауға дайындалып жатыр. Шекарчи Израиль шабуылы шенеуніктер мен әскери қолбасшылардың үйлері орналасқан аудандарға жасалғанын айтты. Генерал мәлімдемесін The New York Times басылымы жариялады.

Осының алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтонның Израильдің Иранға қарсы әскери операциясына қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Бұған қоса, америкалық шенеунік Иранды Құрама Штаттар мүдделеріне қарсы әрекет жасамау керектігін ескерткен.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандары мен әскери зауыттарына шабуылдады. Тағы бір шабуыл Тегерандағы Ислам революциясы сақшыларының бас кеңсесіне жасалды. Сақшылардың басшысы Хоссейн Салами қаза тапқаны мәлім болды.