Таяу Шығыстағы атыстан соң мұнай бағасы күрт көтерілді

Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы күрт көтерілді. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Тауя Шығыстағы ахуал шиеленісіп бара жатқан уақытта, Brent құны шамамен 6%-ға көтерілді. Тіпті бір баррель мұнай бағасы 77 долларға дейін жетті. Бірнеше ай бұрын ол 50 долларға дейін түсіп кеткен еді.
Қазір Brent 70-73 доллар шамасында саудаланып жатыр.
Бір күн бұрын сарапшылар Израиль Иранға соққы жасаса, мұнай бағасы 120 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескерткен. Себебі әскери қақтығыстар мұнайлы Таяу Шығыстағы өндіріске кері әсер етеді.
Мұнай ғана емес, алтын бағасы мен швейцариялық франк құны да көтеріліп жатыр. Себебі инвесторлар түрлі геосаяси жағдай шиеленіскенде, дағдарыс кезінде де қор сақтайтын құралдарға жүгінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді.