Шымкентте жүргізуші полицейді көлігімен сүйреп кетті – видео

12 маусым күні Шымкентте көлігін тоқтатып, тексермек болған екі полицейдің бірін жүргізуші капотына салып, сүйреп кетті. Жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті ақпарат таратты.
Департамент мәліметінше, полиция қызметкерлері жолдағы қауіпті әрекетті анықтауға арналған цифрлық жүйенің көмегімен агрессивті жүргізу белгілерін көрсеткен ер адамның басқаруындағы Daewoo Nexia көлігін байқаған. Жүргізуші тоқтау туралы заңды талапты елемей, көлігін тоқтатқандай кейіп танытып, полицейлер тексеруге жақындаған сәтте кенеттен көлікті қайта жүргізіп кеткен.
«Құқық бұзушыны тоқтатпақ болған полицейлердің бірі көліктің капотына шығып кетті. Бұған қарамастан жүргізуші полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндіріп, жоғары жылдамдықпен жүрді. Тек осыдан кейін ғана тәртіп сақшылары көлік құралын тоқтатып, күдіктіні ұстады», – делінген полиция хабарламасында.
Жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің «Билік өкіліне күш қолдану» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.