Израиль мен Иранның өзара шабуылы туралы не белгілі

Израиль жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, Иран атқан зымыран сенбі күні таңертең Израиль орталығындағы тұрғын үйлерге құлап, екі адам қаза тауып, 19 адам жарақаттанған Ал Иранның БҰҰ-дағы елшісі израиль соққысы салдарынан Иранда 78 адамның мерт болғанын айтты. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Ракеталар легі мен шығын
Иран сенбіге қараған түні Израильге төрт зымыран легін атқан. The Jerusalem Post дерегі бойынша, сенбінің таңында қаза тапқандар саны 4-ке жетіп, жарақаттанғандар 70-тен асқан. Израиль қорғаныс армиясы – ЦАХАЛ-дың мәлімдеуінше, барлығы 200-ден астам зымыран атылған. Олардың көбін қағып түсіргенімен, кейбірі нысанаға тиген. Жарылыс даусы Тель-Авив, Иерусалим, Беэр-Шева, Гуш-Дан және басқа қалаларда естілген
Әскeри нысандарға соққы
Ирандық зымырандар сонымен қатар Израильдің басты әскeри штабы «Кирятты» да атқылып, аталған аудан айтарлықтай зиян шекті деген мәлімет бар. Израиль әскері тұрғындарға шабуыл кезінде баспаналарда жасырынуға кеңес берген.
АҚШ-тың атсалысуы
The Washington Post жазғандай, Израильге зымыран соққысын тойтаруға АҚШ әскeрi де атсалысып, Patriot және THAAD зымыранға қарсы жүйелері іске қосылған.
Иран жағының ақпараты
Иран жағы «ондаған» зымыранын нысанаға дәл тигізгенін айтып жатыр. Ислам революциялық сақшылары корпусы командирінің кеңесшісі Ахмад Вахиди атқылау F-35, F-16 және F-15 жауынгерлік ұшақтары орналасқан авиабазалар, жанармай құю және транспорттық ұшақтары, командалық және радиоэлектрондық орталықтары, сонымен қатар зымыран өндірісіне қатысты нысандарды қамтығанын мәлімдеді.
Израиль де Тегерандағы нысандарды атқылады
ЦАХАЛ мәліметі бойынша, сенбіге қараған түні израиль әуе күштері Тегеран аймағына соққы жасап, Иранның әуе қорғаныс жүйелерін көздеген. Әуе күштерінің командирі Томер Бар соғыс басталғалы бері бірінші рет ондаған жауынгерлік ұшақ 1500 шақырымдағы Тегеран аспанындағы әуе қорғанысын атқылады» деген.
ЕО үндеуі
Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен жұма күні кешке X парақшaсында Израиль президенті Ицхак Герцогқа телефон соққанын айтып, «қақтығысты ушықтырмай, ұстамды әрекет етуге және деэскалация жолындағы жұмыстарды жалғастыруға» шақырғанын жазды.
Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.
Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.
Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді.
Франциялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Клод Монике Израиль шабуылы Таяу Шығыстағы күш теңгеріміне зор өзгеріс әкелгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, алдағы күндері Еуропадағы израильдік және америкалық мүдделерге қауіп төнуі мүмкін.