Туризм министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Туризм министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандық туристерге үндеу жолдады/Фото: shutterstock

Туризм және спорт министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынғанын хабарлады.

Министрлік мәліметінше, мұндай шектеуді Азаматтық авиация комитеті енгізгенін, ол арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.

Аталған ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк, сондай-ақ техникалық рейстеріне қатысты.

«Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз. Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынады», – делінген хабарламада.

Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланысып отырғанын жеткізді.

Министрлік қажет болған жағдайда туристерді қайтаруды қамтамасыз ететінін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Көп кешікпей Иран бірден қарымта шабуылға көшкені мәлім болды. Тегеран Израильге қарай жүзден аса зымыран ұшырды.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді

Франциялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Клод Монике Израиль шабуылы Таяу Шығыстағы күш теңгеріміне зор өзгеріс әкелгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, алдағы күндері Еуропадағы израильдік және америкалық мүдделерге қауіп төнуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз