«Росатом» АЭС салу жобасы бойынша консорциум көшбасшысы атанды

Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы атом электр станциясын салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтағанын хабарлады.
«Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық «China National Nuclear Corporation» жайғасса, француздық «Électricité de France» пен кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power» ұсыныстары үшінші орынды иеленді. Осылайша, «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталды«, делінген агенттік хабарламасында.
Қазіргі уақытта «Росатом» ұсыныстары негізінде Ресей Федерациясы тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталып жатқаны айтылды.
Агенттік шешім қабылдауда төмендегідей факторларды басшылыққа алғанын атап өтті:
- құрылыстың болжамды құны;
- жобаны іске асыру мерзімдері;
- қаржыландыру тарту модельдері;
- жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын жергіліктендіру тәсілдері;
- кадр даярлау мен ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту бойынша ұсыныстар;
- ядролық отын цикліндегі ықпалдастық мүмкіндіктері;
- әлеуметтік міндеттемелер мәселелері.
Одан бөлек, агенттік Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және француздық Assystem инженерлік компаниясы бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен басқа да ұсыныстарға кешенді бағалау жүргізілгенін жеткізді. Бағалау АЭС қауіпсіздігі, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадрлар даярлығы, жергіліктендіру деңгейі және өзге де көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылған.
Бұған дейін, Атом электр станциясын кім салатыны жазда анықталатынын жазғанбыз.
Алғашқы АЭС орны ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы белгіленіп отыр.