Қазақстандағы АЭС құрылысы: Росатом басшысы мәлімдеме жасады

Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев корпорация Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын салуға арналған халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде танылғанына байланысты пікір білдірді.
KursivMedia-ға жолданған хабарламада корпорация Қазақстанның атом электр стансасын салу туралы жобаны бастау шешімін құптайтыны айтылған.
«Оның нәтижесінде әлемдегі ең озық және тиімді жоба негізінде АЭС бой көтеретін болады. Жобадағы ВВЭР-1200 «3+» буындағы реакторлар уақыт сынынан өткен инженерлік шешімдерді қауіпсіздіктің ең соңғы белсенді және енжар жүйелерімен үйлестіре пайдаланады және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келеді. ВВЭР-1200 реакторы Ресейде және одан тыс жерлерде (Ресейде төрт, Беларусьте екі реактор) іске қосылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар аталған технологияны Венгрия, Мысыр, Түркия, Бангладеш және Қытайдағы әріптестеріміз де таңдады», делінген Алексей Лихачевтің пікірінде.
Сондай-ақ хабарламада «Росатом» әрқашан халықаралық жобаларда шет мемлекеттердің жабдықтаушыларымен кең ынтымақтастық орнататынын, бұл әдіс тапсырыс беруші мемлекеттің жағдайларына қарай ең заманауи әрі тиімді шешімдерді қолдануға мүмкіндік беретінін атап өткен.
«Алда атқарылатын жұмыстар өте көп, сондықтан Ресей және Қазақстан басшылығы тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдауға зор сенім артамыз«, – дейді корпорация басшысы.
Бүгін Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы атом электр станциясын салуға арналған консорциум көшбасшысын айқындау жұмысын аяқтағанын хабарлаған.
Агенттік «Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныс ресейлік «Росатом» компаниясынан келгенін айтып, «Росатом» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде танылғанын мәлім етті.
Қазақстандағы алғашқы АЭС орны ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы белгіленіп отыр.