Қытайда көлік бағасы құлдырай бастады: өндірушілер жаппай жеңілдік ұсынып жатыр

Жарияланды
Көлік бағасының төмендеуіне қандай факторлар ықпал етті? / Фото: ашық дереккөз

Қытай автонарығында көлік бағасы құлдырай бастады. Автоөндірушілер сатылым көлемінің төмендеуі, ішкі бәсекенің күшеюі және артық өндіріске байланысты танымал модельдерге бағаны жаппай төмендете бастады. Соның айқын мысалы – жаңартылған Lynk & Co 01 көлігі. Қазір бұл модель LADA Vesta-дан да арзан, деп хабарлайды Autohome Research Institute сарапшылары.

Autohome мәліметі бойынша, фейслифтингтен кейінгі Lynk & Co 01 кроссоверінің бастапқы бағасы 119 800 юаньды (шамамен 7,8 млн теңге) құрайды. Бұл алдыңғы нұсқасынан 20 000 юаньға арзан. Салыстырар болсақ, Қытайдағы ресейлік LADA Vesta-ның бағасы 125 000 юаньнан басталады, деп жазады Yiche.com порталы.

Автокөлікті шығаратын Geely компаниясы бұл баға саясатын қоймадағы көліктерді тезірек сатудың және жаңартылған модельді нарыққа енгізудің амалы деп түсіндіреді.

«Алғашқы сатып алушыларға арнайы сыйлықтар, қызмет көрсетуге жеңілдік купондары, тіпті тегін проекциялық дисплей орнату ұсынылады»,  – дейді Sohu Auto.

Қытай билігінің ұстанымы қандай?

Қытай билігінің ұстанымы – сақтық пен қолдау. Мемлекет автонарықтағы сауданы жандандыру үшін субсидиялар, салықтық жеңілдіктер мен ескі көлікті сату бағдарламаларын қолдайды. Алайда Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі (MIIT) баға соғыстарының артуы мен шағын автоөндірушілердің банкротқа ұшырау қаупіне алаңдаулы. Ведомстваның соңғы бюллетенінде де осы тақырып қозғалған.

«Нарық бәсекеге қабілетті әрі тұрақты болуы керек, бірақ бағаны шектен тыс түсіру зиян келтіруі мүмкін», – деп жазылған.

Бұл Қазақстанға қандай қауіп төндіреді?

Қытай автосалондарындағы жаппай жеңілдіктер Қазақстан үшін де мүмкіндіктермен қатар тәуекелдер алып келеді:

Бірінші, параллель импорттың өсуі. Қытайдан арзан бағамен сатып алынған көліктер «сұр» жолмен Қазақстан нарығына енуі мүмкін. Бұл ресми дилерлерге қысым жасап, нарықтағы тепе-теңдікті бұзады.

Екінші, қоймадағы көліктердің құнсыздануы. Қытай көліктерін бұрынғы бағамен әкелген қазақстандық дистрибьюторлар шығынға ұшырап, мәжбүрлі түрде бағаны төмендетуге тура келеді. Бұл автосалондардың қаржылық тұрақтылығына әсер етеді.

Үшінші, бағаның тұрақсыздығы. Қытайдағы жаппай жеңілдіктер тұтынушылардың «тағы арзандайды» деген үмітін тудырып, сатып алу туралы шешімдерін кейінге шегеруі мүмкін.

Төртінші, жергілікті жобаларға қауіп. Қытай көліктері тым арзан болған жағдайда, Қазақстанда автоөндірісті дамыту немесе шетелдік брендтерді локализациялау жоспары бәсеңдеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде Ресей мен Өзбекстаннан келетін көліктердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

Gasgoo.com және China Passenger Car Association сарапшыларының айтуынша, Қытайдағы бұл баға саясаты – жаңа нарықтық шындықтың көрінісі. Бірақ мұндай агрессивті қадамдар алдағы уақытта Қытай ғана емес, Қазақстан сияқты импортқа тәуелді елдердегі нарықтық жағдайды да түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Сарапшылар қазақстандықтарға баға динамикасын мұқият қадағалап отыруды ұсынады. Дегенмен баға жалғыз фактор емес. Кепілдік, техникалық қызмет және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі де аса маңызды.

Айта кететіні, жуырда Қытай үкіметі жергілікті авто өндірушілердің әрекеттеріне қатысты кеңес өткізді. Себебі аталған ел автонарығында жаңа айла анықталған. Яғни жаңа көліктер ескі деп, төмен бағамен сатыла бастаған.

Сондай-ақ оқыңыз