Қытайда Toyota-ның ең үлкен электромобилі сатыла бастады

Toyota компаниясы Қытайда өзінің ең үлкен электр көлігі – bZ5X үлгісінің сатылымын бастады. Бұл жаңа үлгі bZ (Beyond Zero) деп аталатын электр көліктер желісінің флагманына айналды. bZ5X жай ғана жаңа көлік емес, бұл Toyota-ның электрлендіру бағыты бойынша жаңа кезеңінің басталуы. Әсіресе, электромобильдер нарығы өте қарқынды дамып жатқан Қытай үшін бұл маңызды оқиға.
Кең жол талғамайтын көлік
Toyota bZ5X – үлкен отбасыларға арналған, жеті орындықты, заманауи электрлік жол талғамайтын көлік. Габариттері бойынша Highlander-ге ұқсайды, бірақ толығымен электр платформасына негізделіп жасалған. Бұл платформа Toyota мен Қытайдың BYD компаниясының бірлескен жобасы – e-TNGA деп аталады.
Көлік бір немесе екі электр қозғалтқышымен жабдықталуы мүмкін. Алдыңғы жетекті үлгісі бір қуатпен 620 шақырымға дейін жүре алады (Қытай стандарты бойынша), ал толық жетекті нұсқасы 560 шақырым шамасында қатынайды. 100 км/сағ жылдамдыққа шамамен 7 секундта жетеді. Аккумуляторы – 82 кВт·сағ, жылдам қуаттау мүмкіндігі бар: 30 минутта 30%-дан 80%-ға дейін қуатталады.
Қытай нарығына бейімделген
bZ5X Қытайда, FAW Toyota бірлескен кәсіпорнының зауытында құрастырылады. Көлік Қытай тұтынушыларының талғамына сай жасалған: кең салон, үлкен сенсорлық экран, дауыспен басқару, жасанды интеллект негізіндегі көмекші жүйелер.
Toyota бұл модельге қажетті компоненттерді Қытайдың өзінен алып, бағдарламалық жабдықтауды да жергілікті деңгейде жасақтайды. Бұл тәсіл бағаны төмен ұстауға мүмкіндік береді. Көліктің бастапқы бағасы шамамен 280 000 юань немесе 18,5 млн теңге (шамамен 38 500 доллар). Бұл баға оны Tesla Model Y, BYD Tang EV және NIO ES6 сияқты танымал электромобильдерге бәсекелес етеді.
Аспан асты елі – басты сынақ алаңы болмақ
bZ5X-тің алғаш болып дәл осы Қытайда шығарылуы Toyota-ның жаңа стратегиясын көрсетеді. Компания ең жаңа электр көліктерін алдымен Қытайда шығарып, сынақтан өткізіп, содан кейін басқа нарықтарға ұсынуды жөн көреді. Бұрын гибридтерге басымдық берген компания енді таза электр көліктер сегментіне де белсенді араласып жатыр.
Кейінірек bZ5X АҚШ пен Еуропа нарығына да шығуы мүмкін. Бірақ алдымен компания бұл үлгіні Қытайда сынап көрмек. Себебі ҚХР-да кең, отбасылық электромобильдерге сұраныс өте жоғары.
Toyota bZ5X – бұл тек жаңа көлік емес, бұл Toyota-ның «жасыл технологияларға» бет бұрғанының белгісі. Енді компания электр көліктер саласында да басты ойыншылардың біріне айналуға ниетті.
Еске сала кетсек, бұған дейін атақты Toyota Crown седанының 70 жылдық мерейтойына байланысты аталған модельдің жаңа нұсқасын шығарды. Аталған автоның санаулы саны тек Жапония нарығына ғана ұсынылды.