Израиль мен Иран қақтығысы: бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны артып барады

Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс ушығып барады. Жексенбі, 15 маусымға қараған түні тараптар бірін-бірі зымыранмен атқылады. Екі елде де зымырандардың тұрғын үйлерге түсіп, бейбіт тұрғындардың зардап шеккені туралы айтылады. Бұл туралы Reuters басылымы хабарлады.
Израильдегі жағдай
Тель-Авив пен Иерусалимде сенбі, 14 маусым кешінде дабыл қағылып, миллионға жуық адам бомбадан бас сауғалап баспаналарға тығылған. Зымырандар шабуылы түнгі 23:00-де басталған. Шабуылдың екінші толқыны түнгі 2:30-да басталған. Израиль әскері жаңа зымыран шабуылы туралы ескертіп, тұрғындарды қауіпсіз орындарға баруға шақырды.
Бұл шабуылдар нәтижесінде кемінде 7 адамның қаза тапқаны айтылады. Олардың ішінде 10 жасар бала мен 20 жастағы әйел бар. 140-тан астам адам жарақат алған. Ал Бат-Ям қаласында кемінде 35 адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Жалпы қақтығыс салдарынан Израильде 9 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған. Құтқарушылар қираған ғимарат үйінділері астынан аман қалғандарды іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Израильде неше ғимаратқа залал келгені белгісіз.
«Аймақтағы жағдай әлі де тұрақсыз, ал алдағы күндері қақтығыс одан әрі күшеюі мүмкін», – деп жазады басылым.
Ирандағы жағдай
Израильдің шабуылы нәтижесінде Иранда алғашқы күні 78 адам қаза тапқаны айтылды. Ал екінші күнгі зымырандар шабуылы кезінде құрбандар саны 60 адамға жетті. Сонымен бірге Тегеранда 14 қабатты тұрғын үйге зымыран түсіп, ғимарат толығымен қирап, 29 бала көз жұмған.
Иран билігі зымырандардың Шахрандағы мұнай қоймасына түскенін хабарлады. Бұдан бөлек Тегеран маңындағы мұнай өңдеу зауыты мен Иран Қорғаныс министрлігінің ғимараты да соққыға ұшырағаны айтылады.
Аймақтағы шиеленіс артты. Осының салдарынан АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздер тоқтап қалды. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға есерту жасап, жағдайдың одан әрі үдей түсуі мүмкін екенін айтты. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіссөздер Иранға қарсы шабуылдар жалғасып жатқанда мүмкін емес екенін мәлімдеген.
Еске сала кетсек, екі ел арасындағы жағдай 13 маусымнан бастап ушыға бастады. Бұл күні Израиль Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасады.