Түркістан облысында 2,5 млрд теңгеге құс фабрикасы салынады

Түркістан облысында 280 мың құс ұстауға арналған құс фабрикасы салынады. Жоба құны 2,5 млрд теңге. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде ет бағытындағы заманауи құс фабрикасы – «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастайды. Құны 2,5 млрд теңге болатын жаңа инвестициялық жоба 280 мың құсты ұстауға есептелген және өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендегі ірі нысандардың біріне айналмақ», – делінген баспасөз хабарламасында.
Кәсіпорын іске қосылған соң, облыстың сұранысын қамтып, басқа қалаларға сапалы құс етін жеткізіп отырады.
Аталмыш жоба Сауран ауданын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек ауданда 13 ірі жоба жүзеге асырылып, оған 16,4 млрд теңге жұмсалады.
Еске сала кетсек, Қостанайда жылына 50 мың тонна құс етін өндіретен фабрика салынып жатыр. Жоба канадалық компанияның инвестициясы есебінен жүзеге асырылады.