Қазақстандық шахматшылар Лондонда өткен әлем чемпионатында 4 медаль алды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
шахматшылар
Шахматшылар Лондонда өткен жарыста 4 медальға ие болды / Фото: Шахмат федерациясы

Лондонда өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар жеке төрт медаль иеленді. Меруерт Камалиденова мен Ислам Айтен күміс медаль алса, Ринат Жұмабаев пен 10 жасар Сүлеймен Нұрақын қола жүлдені қанжығасына байлады.

Үш команданың шеберлігі

Қазақстанның намысын KazChess, Barys.kz және Rookies командалары қорғады. Barys.kz командасының көшбасшысы Қазыбек Нөгербек әлемнің үздік гроссмейстерлеріне қарсы ойындарда керемет шеберлік көрсетіп, 12 мүмкін ұпайдан 8 ұпай жинады. Жас талант Сүлеймен Нұрақын да ерекше көзге түсіп, 8½ ұпай жинап, өзінің зор әлеуетін дәлелдеді. Тағы бір айтулы оқиға – Денис Махневтің (KazChess) Hexamind Chess Team жұлдызы, 2708 рейтингтегі ойыншы Леньер Домингес Пересті жеңуі болды.

Басқа ойыншылар жетістігі

KazChess командасының мүшелері Меруерт Камалиденова (әйелдер тақтасы) және Ислам Айтен (әуесқой тақта) күміс медаль жеңіп алды. Ал Rookies командасы беделді қарсыластармен тең дәрежеде ойын көрсетті. Мысалы, рапид пен блицтен 18 жасқа дейінгілер арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен (2336) венгриялық Чаба Балогты (2609) жеңіп, ерекше жетістікке қол жеткізді.

Жарыс туралы

Рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионаты 10 маусымнан 16 маусымға дейін созылады. Жарыс Лондонда өтіп жатыр. Бұл турнир осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатыр. Жарыс 2023 жылы Германияда, 2024 жылы Астанада өткен еді. Биылғы жарысқа әлемнің 52 командасы қатысып, рапид ойындары 15+10 форматында алты тақтада өтті. Турнир ережесіне сәйкес, жарысқа кемінде бір әйел және рейтингі 2000-нан төмен әуесқой шахматшы қатысуы керек.

Қандай команда жеңіске жетті?

Турнирде Үндістанның Team MGD1 командасы чемпион атанды, олар Hexamind Chess Team ұжымын басып озып, чемпиондықты жеңіп алды. Үшінші орынды Freedom командасы иеленді, команда құрамында бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд бар.

«Енді командалар блицке ауысады. KazChess және Barys.kz командары — D тобында, Rookies С тобында ойнайды. Қарсыластарының арасында Өзбекстан мен Германияның рапидтегі жеңімпаздары мен фавориттері бар», – деп хабарлайды шахмат федерациясының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз