Self-gaslighting деген не: бойымызда оның бар-жоғын қалай анықтауға болады

Жарияланды 15 Маусым 2025 18:15

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Self-gaslighting деген не/Фото: ашық дереккөз

Өз эмоцияларыңызды кейде қабылдағыңыз келмей, «мен деген тым сезімталмын» деп, болмаса көңіліңізге тисе де «ештеңе етпес, мұнда тұрған ештеңе жоқ» деп басатын сәттер бола ма? Бұл self-gaslighting феномені болып шығуы мүмкін. Ол не? Оны қалай анықтаймыз? Өзімізді ішкі манипуляциядан қалай қорғаймыз? Осы туралы айтайық.

Self-gaslighting деген не?

Self-gaslighting деп адамның өз сезімін, уайымын қабылдағысы келмей, жоққа шығаратын процесті айтамыз. Сөйтіп ол эмоцияларын басып, барынша «Жоқ, олай емес. Бәрі дұрыс. Мен қате қабылдап тұрмын» деп өзін көндіруге тырысады. Эмоцияларын негізсіз әрі дұрыс емес деп ойлап алады. Былайша айтқанда, өзімізге-өзіміз абьюз жасаймыз. «Селф-газлайтиң» деген осы. Аталған термин gaslighting түсінігінен тараған. Ол — бір адамның екінші біреуге эмоциялық манипуляция жасап, оған өзінің адекват ойлай алмайтынына сендіруі. Ал енді self-gaslighting кезінде басқа емес, сол манипуляцияны адам өзіне өзі жасайды.  

Күнделікті өмірдегі self-gaslighting мысалдары

Бұл феномен бір қарағанда мүлдем байқалмай, білінбеуі мүмкін. Дегенмен тереңірек үңілсеңіз, саңылау көрініп қалуы ғажап емес. 

  • «Мұны мен өзім ойдан құрап алған шығармын» деп болған нәрсені көзбен көріп тұрсаңыз да, күмәндана берсеңіз;
  • «Сондай бір қатты қиналып жатқан жоқпын ғой» — қиналғаныңызды жоққа шығарып, құнын түсіре берсеңіз;
  • «Кінә өзімнен. Тым сезімтал болып тұрмын ғой» — бар кінәні мойныңызға ала берсеңіз;
  • «Ол мені ренжітейін деген жоқ. Өзім басқаша түсініп қалған» — біреудің сізге жасаған қиянатын ақтап алуға тырысатын болсаңыз;
  • «Уайымдайтын дәнеңе жоқ. Менен де қатты қиналып жүргендер бар» — өз ішкі дертіңізді жасыру үшін басқалармен салыстыра берсеңіз, демек сіз өзіңізге өзіңіз селф-газлайтиң жасайсыз деген сөз.

Селфгазлайтиң неден басталады?

Бұған себеп көбіне қоғам тарапынан жасалған қысым не тәрбиеге келіп тіреледі.

  1. Қысым көрсеткен ортада өскендерде болады.
    Мысалы, бала кезде сізді «жалқау», «ерке», «тентек» деп көп айта берген болса, соның кесірінен сіз өзіңізге өзіңіз күмәндана беретін адам болып кеткен болуыңыз мүмкін.
  2. Абьюз көргеннен кейін пайда болады.
    Газлайтиң-манипуляцияны ұзақ уақыт бойы көрген адам біртіндеп өзіне сенімсіз, істегенінің бәрі қате деп ойлай беретін жанға айналады.
  3. Қалыптасқан түсініктер салдарынан болады
    Көбіне біздің қоғамда эмоцияны ашық білдіруге рұқсат бере бермейді. Әсіресе, қорқыныш, уайым сияқты сезімдерді көрсете бермейміз. Соның кесірінен адам өзін басып, басқалармен бірдей болуға тырысады. Ол солай әдетке айналады.
  4. Перфекционизмге ұмтылыстың кесірі
    Өзіне тым жоғары талап қоятын адамдар көбіне ішкі газлайтиңнің құрбанына айналады. Олар «мықты адамдар берілмейді» деген түсінікпен жүреді.

Бойымызда self-gaslighting бар-жоғын қалай анықтаймыз?

Психологтар мына белгілерге назар аудару керек дейді:

  • Өз сезімдеріңіз бен эмоцияларыңызға үнемі күмәндана бересіз;
  • Біреу ренжітсе, шекараңызды қорғаудың орнына кінәні мойныңызға ала бересіз;
  • «Бұлай қабылдамауым керек» дегенді өзіңізге көп сіңіресіз;
  • Біреуден көмек сұрауға, әлсіз тұсыңызға айтуға батпайсыз;
  • Эмоцияны қатты басып тастайсыз, сондықтан себепсізден себепсіз мазасыз күйде жүресіз.

Бір апта бойы күнделік жүргізіп көрсеңіз болады. Ол жерде қатты сезінген эмоцияларыңызды тізіп жазасыз. Сөйтіп ол кезде қандай реакция білдіргеніңізді байқап көріңіз. Ішінде «ештеңе етпес», «кінә өзімнен», «мен тым артық кетіп қалдым» деген сәт көп пе?

Селф-газлайтиң жасағанды қалай қоюға болады?

  1. Эмоция білдіруден қысылмаңыз.
    Кез келген эмоция — сигнал. Ол міндетті түрде негізі бар, рационал болуға тиіс емес.
  2. Не сезініп тұрсаңыз, соны айтып үйреніңіз
    «Бекерден бекер ашуланып тұрған сияқтымын» дей бермей, «ашуланып тұрғанымның себебі мынада» деп айтыңыз.
  3. Ішкі сынмен жұмыс істеңіз
    Кінәлай бермей, өзіңізге көмектесіп үйреніңіз. Айталық, «бәрін құрттым» деудің орнына «қолымнан келгені сол болды. Басқаша істей алмадым» деңіз.
  4. Көмек керек болса, маманға барыңыз.
    Психотерапия, достардың тарапынан қолдау деген қатты қажет дүние. Болмаса, осы тақырыпта жазылған кітаптар оқыңыз. Подкастар да бар. Тыңдап шығыңыз.

Өміріңізге тікелей әсері бар дүниені елемей жүруге болмайды

Self-gaslighting адамның өз-өзіне беретін бағасын төмендетеді. Жеке шекараны бұзып, мансап жолында да кедергі жасайды. Отбасылық өмірде де кері әсері бар. Дәйім өзіне сенімсіз, күдіктеніп жүретін адам түптің-түбінде қатты қажып, шаршайды. Проблема барын мойындау — ерлік. Алғашқы қадамды осыны мойындағаннан бастаңыз. Әр адамның тірегі — ішінде. Өзіне өзінен артық ешкім көмектеспейді. 

Естеріңізде болса, бұған дейін қолдан жасалған дәрменсіздік феномені туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз