Жаңалықтар

Шымкентте балаларды ұрған балабақша қызметкері жазасын алды

сот үкімі
Шымкентте балаларды ұрған балабақша қызметкері жазаланды /фото: shutterstock

Шымкенттегі «Ай көркем» жекеменшік балабақшада балаларды кезекпен ұрған балабақша қызметкері жазаға тартылды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады. Сот оны балаларды ұрғаны үшін кінәлі деп таныған.

Өткен аптада Шымкенттегі «Ай көркем» жекеменшік балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі балаларды бетінен сызғышпен ұрған видеосы тараған еді. Қалалық прокуратураның мәліметінше, 5 жасар қыздың бетін сызғышпен ұрып, физикалық күш қолданғаны туралы арыз түскен. Осы бойынша Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен іс қозғалып, тергелген. Күдікті қамауға алынған.

«Қала прокуратурасымен әзірленген алгоритмге сәйкес, сараптама нәтижесі 3 сағатта дайындалып, қылмыстық іс бір тәулікте сотқа жолданды. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 12 маусым 2025 жылғы үкімімен Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған қатысты осы баппен 80 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды», – дейді қалалық прокуратураның өкілі Берік Еркін.

Өткен аптада балаларының денесінен көгерген іздерін байқаған ата-аналар балабақшаның  бейнебақылау камерасын ашуды талап еткен. Кейін болған бар-жайды видеоға түсіріп, желіге таратқан. Бұл қызу талқыға түскен. Артынша балабақша меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова балабақша қызметкерінің балаларға қол көтергенін растап, тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан босатылғанын мәлімдеген. 

«Барлық ата-аналардан түсіністік танытуын өтінемін. Кешірім сұраймын», – деген еді балабақша меңгерушісі.

Ата-аналар баласын балабақшада ұрып-соққаны туралы полицияға  арызданған болатын. Полиция тергеу бастап, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріліп жатқанын хабарлаған. Айта кетейік, оқиға 4 маусым күні болған.