Жұлдыз Мақатаев әкесін «сорлы еркек» деп атаған блогермен татуласты

Ақын Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев әлеуметтік желіде әкесін «сорлы еркек» деп атаған блогер Әлішер Теменге кешірім берді. Бұл туралы іс материалдарында айтылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сот тергеуі барысында жәбірленуші Жұлдыз Мақатаевтан сотталушымен татуласуына байланысты Әлішер Теменді қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтінішхат түскен. Жәбірленуші өтінішхатты өз еркімен ұсынып отырғанын, ешқандай қысым көрсетілмегенін, сотталушыға қоятын кінәсі жоқ екенін айтқан.
Сотталушы Темен өтінішхатты қолдап, тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, қылмыстық істі жәбірленушімен татуласуына байланысты қысқартуды сұраған.
Сот тараптардың пікірін ескеріп, Теменнің қылмыстық әрекеттері қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігі (қорлау), яғни басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып әдепсіз түрде кемсіту деп дұрыс сараланған және толық дәлелденгенін айтқан.
Алайда Әлішер Теменге қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылып, блогер қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы 2025 жылдың 2 мамырында басталды.