
Қазақстан алғашқы атом электор станциясының құрылысына Ресейден арзан қарыз алмақ. Бұл туралы Атом энергетикасы агенттігі хабарлады.
Алайда агенттік Ресей арзан несиені қандай шарттармен беретінін ашық айтпай отыр. Себеп – келісім шарттары құпия.
«Келісімге сәйкес, Ресей Федерациясы Қазақстанға жеңіл шарттармен экспорттық қаржыландыру ұсынатын болды. Қаржыландырудың нақты шарттары қазір келіссөз сатысында», – делінген агенттіктің жауабында.
Несиеге берілген ақша ұзақ уақыт дайындалатын жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Оларға ядролық реактор, бу генераторлары, негізгі айналмалы сорғы сияқты құралдар жатады. Сонымен қатар құрылысқа да осы қаржы жұмсалмақ.
Алғашқы АЭС-тің құны қаншаға шығатыны әзірге белгісіз.
«АЭС құрылысының соңғы құнын анықтау – көпқырлы процесс, мұнда шешуші рөлді халықаралық жеткізушілермен жүргізілетін келіссөздер шарттары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу, инженерлік ізденістер нәтижелерінен кейін анықталады. Тек осы кезеңдер аяқталғаннан кейін ғана жобаға арналған нақты бюджет нақтыланады», – дейді агенттік.
Бұған дейін АЭС салу үшін үкімет шетел банктерінен қарыз алуы мүмкін деген ақпарат тараған. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жобаның қандай және қай елдің қаражатына жүзеге асырылатыны бас мердігер анықталған соң белгілі болады деген.
Энергетика министрлігі Атомдық жобаларды дамыту басқармасының бас маманы Ер-Тарғын Тілеукенов Kursiv.Media сауалына берген жауабында үлкен қуаттылықтағы екі блокты АЭС-тің құны шамамен 10-12 млрд АҚШ долларын құрайтынын айтқан.