Қазақстандағы екінші АЭС құрылысы: Қытайдың ұсынысы әлі қарастырылып жатыр

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын (АЭС) ресейлік «Росатом» корпорациясы салатыны белгілі. Ал екінші АЭС құрылысының мәселесін үкімет әлі талқылап жатыр.
ҚР Атом энергиясы агенттігінің хабарлауынша, екінші АЭС-ке қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбаған. Қазір Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясының ұсынысы талқыланып жатыр. Агенттік өкілдері атап өткендей, бұл шешім коммерциялық келіссөздер аяқталғаннан кейін ғана қабылданады.
Бұған дейін Қазақстан тарапы халықаралық консорциум құру мақсатында жобаның қысқа тізіміне енген барлық үміткер компаниялармен келіссөз жүргізген.
Қытай CNNC компаниясы ядролық энергетика саласында зор тәжірибе жинақтаған. Олар ВВЭР, EPR, AP1000, CANDU сияқты халықаралық реакторлармен қатар, өздері жасап шығарған HPR1000 технологиясын да сәтті енгізіп келеді.
«Қазіргі кезде Қытай әлем бойынша ең көп атом станциясын салып жатқан ел: 28 АЭС құрылысы жүріп жатса, ал 57 станция жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, Қытай алғашқы ядролық реакторын тек 1991 жылы іске қосқанымен, осы уақыт аралығында орасан тәжірибе жинақтады», – делінген агенттік жауабында.
Агенттік мәліметінше, қысқа тізімге енген барлық технологиял қазіргі заманғы қауіпсіздік талаптарына сай келеді және техникалық сипаттамалары бойынша бір-біріне ұқсас. Алайда түпкілікті шешімді қабылдау барысында жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі, технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеу мүмкіндігі, ядролық отын циклына қатысу деңгейі мен шетелде іске асырылған сәтті жобалар да есепке алынған.
Осы параметрлер бойынша ресейлік «Росатом» мен қытайлық CNNC ұсыныстары ең теңгерімді деп танылған. Алайда, технология жеткізушілер ұсынған кейбір мәліметтер құпия болғандықтан, толық салыстырмалы талдау нәтижелері жария етілмеді.
Сонымен қатар агенттік АЭС салуға таласқан компаниялар құрылыс құнын нақты қаншаға бағалағанын да айтпай отыр.