
2025 жылдың алғашқы бес айында республикалық бюджет кірісі шығысынан аз болды. Қаржы министрлігінің ресми есебіне сүйенсек осы кезеңде ел қазынасына 8,8 трлн теңге түсіп, 9,8 трлн теңге жұмсалған.
1 маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджеттің жалпы түсімі 8,8 трлн теңгені құрады. Бұл – жоспардың 88%-ы. Үкімет жоспары бойынша, осы 5 айда бюджетке 10,04 трлн теңге қаржы түсуі тиіс еді. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет жоспарлаған кірістің оннан бір бөлігін алмаған.
Бюджет кірісінің басты көзі – салық түсімі болғанымен, жоспар толық орындалмаған. Есепті кезеңде ел қазынасына 5,5 трлн теңге салық түсті: бұл – жоспардың 98,7%-ы.
Соның ішінде корпоративтік табыс салығынан 1,7 трлн теңге түсіп, жоспар 103,4% орындалған.
Ал қосылған құн салығы (ҚҚС) керісінше, жоспардан кем түскен Кіріс 2,4 трлн теңге, бұл – небәрі 91,9%. Қазына бұл бап бойынша 200 млрд теңгеге жуық қаржыны толық ала алмады.
Есесіне қазынаға салықтан тыс түсімдердің көлемі артқан. Бұл тармақ бойынша бюджет 377,2 млрд теңге жинап, жоспардан 38%-ға артық орындаған. Мұндай табыс, әдетте, айыппұл, мемлекеттік активтерді пайдалану немесе басқа да әкімшілік төлемдерден түседі.
Бюджетті теңестіру үшін тағы да Ұлттық қорға жүгінуге тура келді. 5 айда қазынаға қордан 2,6 трлн теңге аударылған, бұл – бекітілген жылдық соманың 67,6%-ы.
Оның ішінде:
- Кепілдендірілген трансферттер – 2 трлн теңге (толық көлемде игерілді);
- Нысаналы трансферттер – 620 млрд теңге (жоспардың тек 33%-ы ғана игерілді).
Айта кету керек, 2025 жылға жоспарланған трансферт көлемі – 5,25 трлн теңге. Бұл – қазынаның төрттен бір бөлігі Ұлттық қордан толады деген сөз.
2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында бюджет шығыны 9,8 трлн теңгеге жетіп, түсімнен 1 трлн теңгеге асып түсті. Осылайша, республикалық бюджет тапшылығы – 1,03 трлн теңге көлемінде қалыптасты.Ал мұнайға қатысы жоқ тапшылық 4,2 трлн теңгеге жетті.
2025 жылға арналған салықтық түсімдер мен өңірлік бюджеттерді салыстырсақ, Қазақстанда аймақтар арасындағы қаржылық теңсіздік айқын байқалады.