Қазақстан қор биржасындағы қандай компаниялар қомақты дивиденд төледі

2024 жылы Қазақстан қор нарығы табыс қуған инвесторлар үшін тиімді кезең болды. Кей компанияның дивиденді банк депозитінің пайызынан бірнеше есе асып түсті. Ең жоғарғы табысты кім көрсетті? Қай акция тұрақты табыс көзіне айналды? Жеке инвесторлар қауымдастығы дайындаған рейтинг осы сұрақтарға жауап береді.
Рейтинг көшін «Қазақтелеком» бастады. Компания бір акцияға шаққанда 46% көлемінде дивиденд төледі. Бұл – әдеттегі төлем емес, бір реттік бонус. Себебі компания «Мобайл Телеком-Сервис» активін сатып, табыстың бір бөлігін акционерлермен бөліскен. Мұндай мүмкіндік жиі болмайды, бірақ тиімді уақытты дөп басқан инвестор үшін өте жақсы табыс көзіне айналды.
KEGOC пен Halyk Bank жыл сайын жоғары дивиденд төлеп келе жатқан сенімді ойыншылар. KEGOC акциясы 10,9%, ал Halyk Bank – 9,6% табыс әкелді. Бұл екі компания да жылына екі рет төлем жасап, өз акционерлерінің көңілінен шығып жүр. Әсіресе, Halyk акциясының табыстылығы соңғы екі жылда 17%-дан асып, депозитке балама ретінде қарауға болатын деңгейге жетті.
KazTransOil (KZTO) соңғы жылдары дивиденд төлемін көбейтіп, 2024 жылы 9,8% табыс көрсетті. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ 2022 жылғы дивидендтің күрт төмендегенін ұмытпаған инвесторлар бұл акцияға әлі де сақтықпен қарайды.
Эйр Астана биыл бірінші рет дивиденд төлемек. Компания акцияларының табыстылығы 7,2%-ды құрайды. Ал «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының табыстылығы 6Ғ- ға тең.
Kaspi.kz жыл ішінде үш рет дивиденд төледі, бірақ төртінші тоқсанда төлем жасамады. Егер төленгенде, табыстылығы екінші орынға дейін көтерілуі мүмкін еді.
Тізімді түйіндеген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцияларының дивиденд табысы 3,3 пайызды құраған.
KASE индексіндегі он компанияның сегізі ғана рейтингке енді. Kcell мен Банк ЦентрКредит дивиденд төлемегендіктен, есепке алынбаған.
Бұған дейін KASE индексіне кіретін компаниялар акцияларының бағасы қалай өскенін жазғанбыз.