Израиль-Иран қақтығысының Қазақстан экономикасына әсері қандай

Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс әлемдік экономикаға, соның ішінде мұнай нарығына да ықпал етуі мүмкін. JPMorgan сарапшыларының пікірінше, мұнай бағасы барреліне $130-ға дейін көтерілуі ықтимал. Tengenomika каналының жазуынша, мұнайдың қымбаттауы Қазақстан бюджеті үшін тиімді болғанымен, инфляциялық қысым арта түсек.
«Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі қысқа мерзімде бюжет кірісінің артуына ықпал етед. Алайда шикізат экспортына жоғары тәуелділік жалған тұрақтылық сезімін тудыруы мүмкін. Егер құрылымдық реформалар жүргізілмесе, мұндай жағдайда инфляциялық қысым күшейіп, импорт құрылымында теңгерімсіздік артады. Оған қоса валюта нарығы құбылмалы бола түседі», – деп жазады Руслан Сұлтанов.
Сарапшы мұндай геосаяси дағдарыс кезінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мұнай бағасына емес, институционалдық реформаларға дайындық деңгейіне байланысты деп тұжырымдайды. Салық саясаты, логистика, энергетика, адами капитал бағытындағы шұғыл және нақты қадамдар қажет.
Әлемдік экономикаға әсер қандай?
Иран тәулігіне шамамен 3,3 млн баррель мұнай өндіреді, бұл әлемдік мұнай ұсынысының 3,5%-ын құрайды. Оның негізгі экспорттық бағыты – Қытай. Иран Қытайға тәулігіне 1,5 млн баррельден астам мұнай жөнелтіледі. Егер Қытайға мұнай жеткізуін тоқтатса, әлемдік нарықта тапшылық пайда болып, баға күрт өсуі мүмкін.
Ал АҚШ-та мұнай бағасының өсуі инфляцияны 4–5%-ға дейін арттырып, экономиканы тұрақсыздандыруы ықтимал. Салдарынан Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендету жоспарын кейінге шегеруі мүмкін. АҚШ 2020 жылдан бастап таза энергия экспорттаушыға айналғанын ескерсек, бұл ел үшін жағдай салыстырмалы түрде жеңілдеу.
Ал Қытай керісінше, энергия ресурстарына, әсіресе мұнай импортына тәуелді болғандықтан, экономикасына ауыр соққы болмақ.
Ормуз бұғазы — ең осал тұс
Сарапшылар қақтығыс олан әрі ушығып, Ормуз бұғазы жабылып қалса, бұл ең жағымсыз сценарий болатыны айтады. Өйткені дәл осы жермен әлемдік мұнайдың 20%-ы, яғни күн сайын 20 млн баррель тасымалданады.
Сонымен қатар, Парсы шығанағынан шығатын экспорттың 88-90%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Бұғаздың жабылуы тек бағаның күрт өсуіне емес, сонымен қатар логистикалық дағдарысқа да себеп болуы мүмкін.