
Қазақстан мен Қытай бірлесіп жаңа газ көздерін іздей бастайды. Қытайдың ең ірі мұнай-газ компаниясы – CNPC Ақтөбе облысындағы «Северный-1» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын толық қаржыландырады. Бұл туралы QazaqGaz компаниясы хабарлады.
Аталған келісімге Қытай делегациясының Астанаға сапары аясында қол қойылды. Құжатты QazaqGaz өкілі Ұлан Бүркітов пен CNPC-Актобемунайгаз басшысы Ли Шуфэн рәсімдеді.
«Северный-1» учаскесі – Қазақстандағы болашағы зор газ орындарының бірі. Бұл жерде барлау жұмыстары жүргізіліп, нақты қанша қор бар екені анықталатын болады.
Жоба қалай қаржыландырылады?
Жоба carry-механизмі арқылы іске асады. Яғни, бастапқы кезеңде барлық шығынды CNPC өзі төлейді.
CNPC – Қытайдағы ең ірі мұнай-газ компаниясы. Ол әлемнің 30-дан астам елінде жұмыс істейді. Қазақстандағы бірнеше ірі жобада үлесі бар:
- Ақтөбедегі «CNPC-Актобемунайгаз» – толықтай CNPC-ке тиесілі;
- Қызылордадағы мұнай жобасы – «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» (77% үлес);
- Шымкент мұнай өңдеу зауыты – (49,72% үлес);
- Қашаған жобасы – (8,33% үлес).
Бұған дейін «Созақ» кен орнын Қазақстан Қытаймен бірлесе игеретіні белгілі болды.