Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы жарысы

XXI ғасыр — Орталық Азия үшін жаңа мүмкіндіктер мен сынақтардың ғасырына айналды. Кең далалы бұл өңірдің бай табиғи ресурстары, стратегиялық орналасуы әлемдік державалардың қызығушылығын үдете түсті. Соның ішінде, соңғы жылдары Қытай мен Ресей арасындағы Орталық Азия үшін жүргізіп жатқан экономикалық «жарысы» ерекше көзге түседі.
Қытайдың «құмырсқа жолы» Ресейді өңірден ығыстыру
2021 жылы Қытай мен Ресей Орталық Азиямен сауда айналымын шамамен тең деңгейде жүргізіп жатты. Ресейдің көрсеткіші — 36,7 млрд доллар болса, Қытайдың көрсеткіші — 35,2 млрд долларды құрады. Бірақ бұл тепе-теңдік ұзаққа созылмады. Қытайдың сауда-саттық қарқыны құдды бір құмырсқаның тынымсыз еңбегіндей жылдам әрі жүйелі түрде өсе бастады.

Бірнеше жыл ішінде Қытайдың сауда көлемі көз ілеспес жылдамдықпен артып, 2024 жылы 94,8 млрд долларға жетті! Ал Ресей тек 44,7 млрд доллар деңгейінде қалды. Яғни, Қытай небәрі үш жыл ішінде өз айналымын екі еседен астам өсіріп, Ресейді бірнеше есе басып озды.
Бұл нені білдіреді? Қытай Орталық Азияны өзінің жаңа экономикалық серіктесіне айналдыруда. Сауда керуендері мен теміржол желілері, жоғары технологиялық өнімдер мен арзан тауарлар — бәрі де Қытайдың ықпалын күшейтуде.

Орталық Азия елдерінің Қытаймен тауар айналымына қосқан үлесі біркелкі емес
Аймақтағы Қытайдың ең ірі сауда әріптесі – Қазақстан. Жалпы сауда көлемінің жартысына жуығы осы елге тиесілі. 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 43,8 млрд долларды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары.
Екінші орында – Қырғызстан: екі ел арасындағы сауда көлемі 2024 жылы 22,7 млрд доллар болды, бұл бір жылда 15%-ға артқан. Алайда, бұл соманың басым бөлігі – Қытайдан Қырғызстанға бағытталған экспорт.
Үшінші орында – Өзбекстан (13,8 млрд доллар), дегенмен бұл елмен сауда көлемі 2%-ға азайған. Одан кейін Түрікменстан (шамамен 10,6 млрд доллар) келеді, бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды.
Ең төмен көрсеткіш – Тәжікстанда (3,9 млрд доллар, 2024 ж.), сауда көлемі 2%-ға азайғанымен, Қытай бұл ел үшін де негізгі сыртқы сауда серіктестерінің бірі болып отыр.
Сауда: импорт пен экспорт
2025 жылдың алғашқы айларында Қытай Орталық Азияға 20,1 миллиард доллардың тауарын экспорттап үлгерді. Ал Орталық Азия елдері Қытайға небәрі 10,7 миллиард доллардың ғана тауарын экспорттаған. Бұл теңсіз таразы Орталық Азияның Қытайдан технология мен дайын өнімдерге қатты тәуелді екенін көрсетеді. Ал Қытай болса, Орталық Азиядан көбіне шикізат пен ресурстарды алуда.

Шикізат пен технологияның алмасуы
Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасының көрінісі — екі түрлі әлемнің кездескен жеріндей әсер қалдырады. Бір жағында — табиғи ресурстарға бай, ал екінші жағында — жоғары технология мен дайын өнімдерге маманданған алпауыт Қытай.
2025 жылдың алғашқы айларындағы сауда деректері де осыны анық көрсетіп отыр:
- Орталық Азия Қытайдан 20,1 миллиард доллардың тауарын импорттады.
- Ал Қытайға небәрі 10,7 миллиард доллардың ғана тауарын экспорттады.
Бұл сандардың артында үлкен экономикалық теңсіздік жасырынған: Қытайдан келетін импорт экспорттан екі есе көп. Былайша айтқанда, Орталық Азия халқы Қытайдың смартфондары мен компьютерлерін, өндірістік құрал-жабдықтарын, көліктері мен тұрмыстық техникасын сатып алып жатыр. Бұл — Қытайдың технология мен дайын өнімде сөзсіз басымдыққа ие екенін білдіреді.
Ал Орталық Азия елдерінің экспорттық қоржыны әлдеқайда қарапайым:
- мұнай мен газ,
- металл мен руда,
- ауыл шаруашылығы өнімдері.
Яғни, өңір Қытайға негізінен шикізат тасымалдайды. Бұл — классикалық «шикізат – дайын өнім» моделі бойынша құрылған сауда. Қытай дайын өнім шығарып, сол арқылы қосымша құн жасайды, ал Орталық Азия табиғи ресурстарын экспорттай отырып, шикізаттық тәуелділікте қалып отыр.
Бір жағынан, бұл ынтымақтастық екі тарапқа да тиімді: Қытайға ресурстар керек, ал Орталық Азияға — инвестиция мен дайын тауар. Бірақ ұзақ мерзімде мұндай теңсіз сауда моделі аймақтың экономикалық тәуелділігін күшейтуі мүмкін.
Қытайдың бұл аймақтағы ықпалы осылайша тек экономикалық шеңберден шығып, геосаяси салмаққа айналуда. Ендігі міндет — Орталық Азия елдерінің өз өндірісін дамытып, шикізаттан дайын өнім жасауға ұмтылуы.

Инвестиция ағымы: Қытайдың қомақты капиталы
Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы да жылдан жылға артып отыр. 2005 жылы бар болғаны 217 млн доллар инвестиция құйылса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 2,4 миллиард долларға дейін жетті. 2023 жылы Қытай тағы бір қарқынды серпіліс жасап, 2 миллиард доллардан астам қаражат құйды. Тәуелсіз жылдары көрші ел бізге 26,4 млрд доллардан астам инвестиция құйған.
Қытай капиталы Қазақстанның мұнай-газ, логистика, инфрақұрылым, өндіріс секторларына белсенді кіріп отыр. Бұл капитал қазақстандық экономикаға жаңа мүмкіндіктер әкелумен қатар, жаңа тәуелділіктер де қалыптастырып жатыр.
Жаңа ойын ережелері
Бүгінгі таңда Орталық Азия аймағы — Ресей мен Қытай арасындағы экономикалық бәсекенің сахнасына айналды. Бірі — тарихи ықпалын сақтағысы келсе, екіншісі — жаңа экономикалық гегемонияны орнатуға ұмтылады. Дегенмен, бұл бәсекенің ұтыс нүктесі Орталық Азия елдерінің өз мүдделерін сауатты қорғап, сыртқы күштердің ықпалын теңдестіре алуында болмақ.