
Қайрат Нұртасты сотқа беруге шақырып жатыр. Бұған Самат Жанғазин деген әншінің бір жылдай дайындаған әнін ұрлап алуы түрткі болған.
Талас тудырған әннің аты «О махаббат ғажапсың» деп аталады.
«Дайын өнімді сұрамай, жаза салған»
«Бұл қалай болғаны? Композитор Дәурен Шәріп ағамыздың әні, бұл. Былтырдан бастап, шығаруға кірістік. Қаңтар айынан бері жазып, қаншама рет өңдеп, ұштап, дайындап, күні-түні ұйықтамадық. Аранжировкасын Азамат Сәбетов бауырым жазған. Ол да уақытын бөліп, күн-түн демей, студияда жұмыс жасады. Дайын өнімімізді сұрамай алып, жаза салу дегенді қалай түсінесіздер?» – деп наразылық білдірді Самат Жанғазин.
Самат Жанғазин бұл әннің авторлық құқығын Талдықорған қаласына барып тіркеткен құжатын да көрсетті.
«Енді жемісін жейміз дегенде…»
«Бұл әнді жасап, жемісін жейміз деп бейнежазбалар түсірдік. Той-думан радиосына барып тұсаукесерін жасадық. Бір екі күннен бері түсініксіз жағдай болды. Жұрт Қайрат Нұртастың видеосын жіберіп жатыр», – деп күйінді әнші.
Самат Жанғазин Қайрат Нұртасты сыйлайтынын айтты. Оның ойынша, бұл оның командасының беделіне нұқсан келтіреді.
«Адамгершілікке жүгіндік»
«Мен адамгершілікке салынып, сотқа жүгінген жоқпын. Өздерінен жауап күттім. Сторисіме жазба қалдырдым. «Авторлық құқығы қорғалған әнді де Қайратқа орындай беруге бола ма?» деп…», – дейді әнші.
Оның айтуынша, бұл жағдай ала жаздай еңбектенген диханның өнімі піскен кезде басқа біреу келіп, иемденіп кеткенмен бірдей.
Мұны естіген Самат Жанғазиннің тыңдармандары Қайрат Нұртасты сотқа беруге шақырып жатыр.
Мұның алдында Жұлдыз Әбдікәрімова ең алғаш кім гүл шоғын ұсынғанын «Қайрат Нұртас емес екенін айтқан еді.