Трамп отбасы T1 смартфонын таныстырды

Дональд Трамптың отбасы АҚШ-та Trump Mobile виртуалды операторын іске қосып, алтын түсті T1 смартфонын таныстырды.
Смартфон алдын ала тапсырысқа қолжетімді. Бұл туралы The Verge басылымы хабарлады.
Дональд Трамптың отбасы АҚШ-та өзінің Trump Mobile атты виртуалды мобильді операторын іске қосқанын және жаңа смартфон шығаратынын мәлімдеді.
Бір тариф – The 47 Plan
Trump Organization холдингінің құрамына кіретін Trump Mobile компаниясы бір ғана тарифтік жоспар ұсынады. Ол The 47 Plan деп аталды. Айына $47,45 тұрады. Бұл ақша көлемі Трамптың АҚШ-тың 45-ші және мүмкін болашақ 47-ші президенті болуына сілтеме жасайды.
Клиенттер осы тарифпен бірге алтын түсті T1 смартфонын да сатып ала алады. Оның құны – $499.
T1 – алтын түсті смартфон
Trump Mobile таратқан баспасөз хабарламасында бұл смартфонның мақтауын асырған.
«Жоғары өнімділікке арналған. АҚШ-та мақтанышпен жасалған. Көз тартарлық алтын түсті смартфон» деп сипаттаған.
Құрылғыны алдын ала тапсырыспен алуға болады. Саудаға тамыз немесе қыркүйек айында шығарылуы тиіс.
Смартфон туралы не белгілі?
T1 моделі туралы техникалық ақпарат өте аз. Бірақ алтын түсті корпусы, артқы панелінде «T1» логотипі және АҚШ туы бар екені белгілі. Үштік камера жүйесі iPhone Pro моделіне ұқсайды. Десе де, объективтердің орналасуы сәл өзгеше. Жарқылы жоқ сияқты.
Сипаттамада көп қателік бар
Егжей-тегжейлі тоқталсақ, процессордың нақты атауы көрсетілмеген. Жедел жады «жады сақтау құрылғысы» деп қате аталған. «5000 мАч-тық камераның ұзақ қызмет ету мерзімі» деген оғаш тұжырым жасалған. Бұл батареяны меңзегені болса керек.
Смартфон Android операциялық жүйесінде жұмыс істейді.
АҚШ нарығында қызығушылық
Трамп отбасының Trump Mobile операторы мен T1 смартфоны АҚШ нарығында ерекше қызығушылық тудырып отыр. Алайда өнімнің сапасы мен сенімділігіне қатысты күмән бар. Бұл смартфон нағыз технологиялық жаңалыққа айнала ма, әлде тек PR-қадам ба, ол жағын уақыт көрсетеді.
Сондай-ақ, Қазақстанда ең көп сатылған топ-5 смартфон туралы ақпарат берген едік.