
Франция мен кореялық компаниялардың ядролық реакторды пайдалануда тәжірибесі аз. Сондықтан таңдау Ресей мен Қытайға түсті. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі осылай деп хабарлайды.
«Росатом» – әлемдегі ядролық технологиялардың негізін қалаушы, ең дамыған әрі тәжірибесі мол «атом мектебіне» ие компания. Әлемдегі алғашқы өнеркәсіптік жылдам нейтронды реактор – БН-350 ресейлік технология бойынша салынған және ол Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтауда жұмыс істеген. Ал кореялық APR1000 және француздық EPR1200 реакторларының нақты пайдаланылу тәжірибесі жоқ. Бұл тұрғыда ресейлік ВВЭР-1200, қытайлық HPR1000 технологияларының нақты тәжірибесі бар», – деп жазылған хабарламада.
Агенттік мәліметінше, қазір Ресей мен Қытай өз елінде және шет елдерде 20-дан аса реактор салумен айналысады. Нақты айтсақ, «Росатом» Түркия, Бангладеш, Беларусь, Үндістан, Иран және Египет еліндегі атом станцияларының құрылысына жауапты. Ал Франция мен Корея тек екі реактордан ғана салып жатыр. Оның бірі Чехия және Ұлыбританияда. Яғни Мәскеу мен Бейжіңнің халықаралық консорциумдағы тәжірибесінің болуы таңдауға ықпал етіп тұр.
«Ресей мен Қытай халықаралық консорциумдар жұмысына кең көлемде қатысу тәжірибесіне ие. Олар түрлі өндірушілердің жабдықтарын бір жоба аясында тиімді түрде біріктіре алады. Қазіргі уақытта тек Ресей мен Қытай ғана қаржыландырудан бастап, ядролық-отын циклін қайта бөлуді оқшаулауға, кадрларды даярлауға, пайдаланылған ядролық отынды жобалауға, салуға және өңдеуге дейінгі қызметтердің толық кешенін дербес ұсына алады», – деп жазады агенттік баспасөз қызметі.
Ұйымның мәліметінше, Ресей, Қытай және Франция ядролық отын циклының барлық кезеңдеріне қатысады, ал Корея толыққанды қатыспайды. Сонымен бірге, Ресей мен Қытай ядролық отын циклының жекелеген элементтерін Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Ресейдің санкция астында болуы АЭС құрылысына әсер ете ме?
Агенттік дерегінше, қазір «Росатом» санкция салынған ұйымдар тізімінде жоқ. Егер болашақта санкция салынатын болса, басқа жобаларда қолданған үлгі негізінде жұмыс істейді.
«Болашақта жекелеген елдерде санкциялардың күшеюіне байланысты қандай да бір тәуекелдер туындаған жағдайда бізде қазақстандық компаниялар басқа жобаларда қолданған тиісті шарттық тетіктер көзделетін болады. Мысалы, тиісті санкциялар мен басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі бар», – деп жазады агенттік.
Бірақ басқа жоба дегені нақты қандай жобалар екені және қандай шарттық тетік екені белгісіз.
Еліміздегі АЭС салуға шетелдік төрт вендор компания ұсыныстарын білдірген еді. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Франция және Корея бар. Бірақ агенттік коммерциялық құпияға сілтеп, вендорлардың ұсынысын жариялаудан бас тартты.
Еске салайық, 14 маусымда Атом энергиясы жөніндегі агенттігі халықаралық сарапшылардың қатысуымен алғашқы атом электр станциясын салу мүмкіндігін «Росатомға» беруді шешті.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевтің сөзінше, Қазақстандағы АЭС салуға ВВЭР-1200 «3+» буындағы реакторлар пайдаланылады.