«Росатом» салатын АЭС-те апат болса, оған Қазақстан жауапты болады

Ресей немесе Қытай салған АЭС-тің бірінде апатты жағдай болса, оған салушы вендор компания емес Қазақстан үкіметі жауапты болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі осылай деп түсіндіреді.
«Халықаралық тәжірибеге, соның ішінде 1963 жылғы 21 мамырда қабылданған, 1997 жылғы 12 қыркүйектегі Хаттамамен толықтырылған Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес, АЭС-тегі ықтимал оқиғалар үшін негізгі заңды жауапкершілік станция операторының мойнына жүктеледі. Мұндай модель көптеген елдерде қолданылады және залалды өтеу тетігін жеңілдетуге бағытталған», – деп жазылған агенттік хабарламасында.
Яғни атом станциясының қауіпсіздігі және болуы мүмкін кез келген апат үшін АЭС-тің операторы жауап береді. Ал АЭС-тің операторы – Атом энергиясы жөніндегі агенттік яғни Қазақстан үкіметі.
Дегенмен жобаны жүзеге асыру аясында консорциумға қатысушылардың шарттық міндеттемелерінің барлық қырлары, оның ішінде сақтандыру тетіктері, техникалық кепілдіктер және мердігердің ықтимал жауапкершілік шарттары жан-жақты қарастырылуда деп қосады агенттік.
Ядролық қалдықтарды қайда жібереді?
Агенттік дерегінше, АЭС-ті пайдалану кезінде қуаты 1200 мегаваттық энергоблоктан жылына 60 текше метр радиоактивті қалдықтар пайда болады. АЭС-тің 60 жылдан аса пайдаланылатынын ескерсек, екі блокты станциядан 7200 тонн радиоактивті қалдық шығады.
Агенттік түсіндіруінше, қазіргі технологиялар қалдықтарды сақтау және ары қарай жер астына көму кезінде толыққанды қауіпсіздігіне қамтамасыз етеді.
«Пайдаланылған ядролық отынға байланысты мәселе жеке қарастырылады. Себебі пайдаланылған отынның құрамында әлі де болса жанбаған уран болады, оны қайта өңдеп, жаңа ядролық отын ретінде қолдануға болады. Бұл ядролық отын циклының тиімділігін едәуір арттырады. Жалпы қуаты 1200 мегаватт болатын екі блоктан тұратын станцияда жылына шамамен 50 тонна пайдаланылған ядролық отын түзіледі, оның көлемі жылына шамамен 5 текше метрді құрайды», – деп жазылған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктен.
Қазір қатты радиоактивті қалдықтарды қабылдау және қызмет ету мерзімі аяқталған иондаушы сәуле көздерін ұзақ мерзімді сақтаумен «Ұлттық ядролық орталық» РМК айналысады. Кеңес одағы кезінде Ақтауда салынған БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отыны Семейдегі бұрынғы сынақ полигонының аумағындағы «Ұлттық ядролық орталығының» базасында сақтаулы.
Еске салайық, Қазақстан салынатын бірінші және екінші АЭС-ті салу құқығы Ресей және Қытайға берілді. Олардың ядролық реактор салуда халықаралық тәжірибесі көп болғандықтан, осындай шешім қабылданған.