Wildberries-те енді пәтер сатып алуға да болады

Ресейлік Wildberries маркетплейсінде пәтер сатып алу-сатуға да болады. Бұл туралы компания негізін қалаушы, бірлескен Wildberries & Russ компаниясының иесі Татьяна Ким ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, қазір Wildberries екі ірі жобамен серіктестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Әрине, біз тауар санаттарын кеңейтеміз. Қазір екі үлкен жобамен серіктестік туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада пәтер сату, яғни жылжымайтын мүлік сату қызметін іске қосып көреміз», – деді Татьяна Ким.
Бұған дейін платформа саяжай мен монша сатып алып-сатуға болатын функцияны іске қосқан. 2024 жылдан бастап интернет-дүкенде автомобиль бөлшектерін де саудалауға да болады.
Әзірге пәтер алып-сату қызметі нақты қай елдерде қолжетімді болатыны белгісіз. Дегенмен атап өту керек, Wildberries интернет-дүкені Ресей мен Қазақстаннан бөлек, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және Израильде де жұмыс істейді.
Айта кетейік, биыл Алматыда Wildberries логистикалық хабы ашылады. Одан бөлек ОZON көлік-логистикалық орталығын ашу жоспарланған.