Жаңалықтар

Астанада жылдамдығы жоғары 10G интернеті іске қосылады

Астана қаласында жылдамдығы жоғары 10G интернетін іске қосады / фото: shutterstock
Астана қаласында жылдамдығы жоғары интернет іске қосылады / фото: shutterstock

Астана әкімдігі мен Huawei Technologies Kazakhstan қытай компаниясы жылдамдығы жоғары 10G интернетін іске қосуды көздейтін сынақ жобасы туралы келісімге отырды. Интернет 50G PON технологиясымен жұмыс істейді. Бұл туралы Kazakh Invest хабарлады.

Екі тарап құжатқа «Қытай – Орталық Азия» форумы аясында қол қойды. Жоба астанада озық телекоммуникация орнатуды көздейді.

10G – жылдамдығы секундына 10 гигабитке дейін жететін кабельді интернет. Ол үйлерде, кеңселерде қолданылады. Оның атауы 4G/5G сияқты оныншы буындағы интернет емес, жылдамдықты ғана білдіреді. Мұндай интернет жылдам ғана емес, тұрақты түрде ешқандай кедергісіз жұмыс істейді.

10G интернет – жаңа технология. Оларды АҚШ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Франция және Германия сияқты елдер сынақ ретінде іске қосып жатыр.

Бұған дейін 2026 жылдың күзінде Қазақстанда Starlink спутник терминалы заңды түрде сатыла бастайтынын жазғанбыз. Сол кезде спутниктік интернетті бүкіл халық пайдалана алады.