
2025 жылы Қазақстанда 2 мыңнан аса бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып, көмек сұраған. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осындай мәлімет жариялады.
Саясаткердің әлеуметтік желілерге жариялаған жазбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңның қабылдануына бір жыл толуына арналды. Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заң 2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген.
Қариннің пікірінше, «заңның және мемлекет жүзеге асырып жатқан нақты шаралардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасты».
«Нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайды. Мысалы, жыл басынан бері құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтырғы осы уақпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді», – дейді саясаткер.
Мемлекеттік кеңесші бұған қоса ауыр және аса ауыр сипаттағы тұрмыстық қылмыстың саны азайғанын айтып отыр. Оның дерегінше, «бес айда аса ауыр тұрмыстық қылмыс 44%-ға төмендеген».
Биыл балаларға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3%-ға, педофилияға қатысты қылмыс саны 40,7%-ға кеміген.
«Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артты. Жаңа тәсілдің, яғни, ресми түрде арыз берілмесе де, өңірлерде құрылған жедел топтардың, полиция қызметкерлерінің, куәгерлердің берген деректері мен әлеуметтік желілерді сараптаудың нәтижесінде биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай оқиға анықталды», – деді Қарин.
Ол мектептерге «111» орталығының QR-коды орнатылған соң, балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллингті анықтау көрсеткіші артқанын айтты.
«Биыл 5 айдың ішінде 86 мың бала осы қызмет түріне жүгінген. 2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып, көмек сұраған. Балалар өзіне өзі қол жұмсамақ болған 28 оқиға анықталып, қатердің беті қайтарылған», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, «111» қызметіне хабарласқан азаматтардың саны да көбейіп келеді. Кейінгі бес айда бұл нөмірге қысым көрген 62 мың ересек адам хабарласқан.
Отбасыларға, әйелдер мен балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді дейді Қарин. Оның мәліметінше, қазірге дейін психологиялық көмек көрсететін 20 орталық ашылды.
«Еліміздегі 112 қала мен ауданда отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 34 мың отбасына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді, 2 мың отбасына әлі де көмек көрсетіліп жатыр», – деп түйіндеді мемлекеттік кеңесші.
Бұған дейін Ерлан Қарин қазақ тілінің мәртебесі туралы пікір жазған. Ол тіл мәселесін саясиландыруға жол берілмейтінін ескерткен.