БАҚ: Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи бункерге тығылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль "сазайын тартады" деген / фото: REUTERS
Иран көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль «сазайын тартады» деген / фото: REUTERS

Иранның жоғары көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққысы кезінде бункерге тығылуға мәжбүр болды. Бұл туралы Iran International дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Басылым мәліметінше, 13 маусымда таңертең, Израиль Иран аумағын атқылай бастаған уақытта, Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Тегеранның солтүстік-батысындағы Лавизанда орналасқан бункерге тығылған. Бұл туралы Ирандағы екі дереккөз хабарлаған.

Дереккөздер мәліметінше, Хаменеидің бүкіл отбасы, Моджтаба есімді ұлы да бункерден шықпай отырған.

Iran International мәліметінше, Израиль 2024 жылы сәуір және қазан айларында Иранды атқылаған уақытта да Хаменеи отбасымен бірге осы бункерге тығылған.

Дереккөздің айтуынша, 15 маусымда Израиль Иранның ең шалғайдағы ауданы – Мешхед әуежайын атқылады. Ол Түркіменстан шекарасына жақын орналасқан. Сол арқылы Тель-Авив аятолла Хаменеиге қауіп жер жоқ екенін меңзеді дейді басылым дереккөздері.

Бір күн бұрын Reuters АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Хаменеидің көзін жою туралы жоспарын мақұлдамады деп жазған. Агенттің осындай мәліметті дереккөздеріне сүйене отырып таратқан. Алайда Израиль ұлттық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Цахи Ханегби мәліметті «фейк» деп атаған.

Оның алдында The Wall Street Journal газеті де Израиль көздеген нысандар арасында Хаменеи де болуы мүмкін екенін жазған. Ол да Израильдегі дереккөздерге сүйенген.

Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталған күні кем дегенде ең ықпалды үш генералын қаза тапқаны мәлім.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді. Ол 120 долларға дейін жетуі мүмкін.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді. Израильдің Астана қаласындағы елшілігі қызметін уақытша тоқтатты.

Сондай-ақ оқыңыз