
Қазақстан Ресей мен Қытай салғалы жатқан Атом электр станциялары қанша тұрады? Үкімет АЭС құрылыстарына қаражатты қайдан алады? Осы сауалдарға Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттігі жауап берді.
Алмасадам Сәтқалиев басқаратын агенттік АЭС құрылысының бюджеті қанша деген сауалға былай деп жауап қатты:
«Әзірге АЭС құрылысының алғашқы кезеңінің бюджеті туралы айтуға ерте. Дегенмен құрылысқа дайындық барысында алаңды түпкілікті таңдауға арналған инженерлік жұмысқа, сонымен бірге ядролық реактор, парогенератор, бас циркуляция сорғышы және станцияның маңызды басқа да бөліктерін дайындауға аванс төлеу қажет. Мұндай шығын жобаны жүзеге асыру мерзімін сақтау, ауқымды құрылысқа дайындық жүргізу үшін керек», – деді атом агенттігіндегілер.
Мекеме республикада АЭС салуға таласқан компаниялар құрылыс құнын нақты қаншаға бағалағанын да айтпай отыр.
«Shortlist-ке кірген компаниялардың әрқайсы құрылысты қаншаға бағалағаны құпия сақталады. Себебі мәліметті таратпау жқнінде келісімге қол қойылған», – дейді агенттік өкілдері.
Көп қаражат қажет ететін ауқымды жобаларды нақты кім қаржыландыратыны да әзірге белгісіз болып отыр.
«Жоба коммерциялық сипатта, қаржыландыру вендорлардың есебінен қамтамасыз етіледі. Қаржыландыру құрылымы әлі келіссөздер кезеңінде. АЭС құрылысының соңғы құнын анықтау – көпқырлы процесс, мұнда шешуші рөлді халықаралық жеткізушілермен жүргізілетін келіссөз шарттары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу, инженерлік ізденістер нәтижелерінен кейін анықталады. Тек содан кейін ғана жобаға арналған нақты бюджет нақтыланады», – деп жауап берді Сәтқалиев төрағалық ететін агенттік.
Қазақстанда Атом электр станциясын салуға Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея таласқан. 14 маусымда екі АЭС-ті Ресей мен Қытай компаниялары салатыны мәлім болды. Үкімет «Росатом» мен China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниялары ұсынысын тиімді деп тапқан.
Үкімет жоба құнын атамағанымен, жергілікті сарапшылар, әлемдегі бағаны ескере отырып, бір атом станциясы құрылысына кем дегенде 10 млрд доллар кетуі мүмкін деп болжайды. Салыстырар болсақ, биыл Қытай билігі 10 атом реакторы құрылысына 200 млрд юань (27 млрд доллар) бөлді.
Қазақстандағы алғашқы атом станцисы салынатын орын ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы белгіленіп отыр.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік 2025 жылғы сәуірдің аяғында құрылды. Жаңа мекеме президентке тікелей бағынады және соған есеп береді.