Астана мен Алматыда синагога ғимараттарына күзет қойылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, Қазақстанда синагогаларға күзет қойылды / коллаж: Kursiv.Media
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен уақытта, Қазақстанда синагога ғимараттарына күзет қойылды / коллаж: Kursiv.Media

Астана мен Алматы қалаларында орналасқан синагога ғимараттарын полиция күзетіп тұр. Полиция қызметкерлері автомат асынған. Бұл туралы Kursiv.Media тілшілері хабарлады.

Израиль мен Иран арасындағы жанжал шиеленісіп бара жатқан тұста, Қазақстандағы еврей орталықтарына күзет қойылды. Елдегі ірі мегаполистерде орналасқан синагогаларды автомат асынған полиция қызметкерлері күзетіп тұр.

Астана қаласында Пушкин көшесі бойында орналасқан синагога ғимараты маңында полиция көлігі тұр. Автомат асынған полиция қызметкерлері күзетті күшейту Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ма деген сауалға жауап бермеді.

Астана қаласындағы синагога ғимаратын полиция күзетіп тұр / фото: Kursiv.Media, Әйгерім Тұқұшева
Астана қаласындағы синагога ғимаратын полиция күзетіп тұр / фото: Kursiv.Media, Әйгерім Тұқұшева

Алматы қаласында Райымбек батыр даңғылы бойында орналасқан синагога ауласына жақын маңда да полиция көлігі тұр. Еврейлердің діни мекемесінде күзет күшейтілді ме деген сауалға полиция қызметкерлерінің бірі «иә, күшейтілді» деп жауап берген. Артынша полиция қызметкерлерінің бірі синагога аумағына кіріп, күзетшімен сөйлесіп тұрды.

Синагога күзетшісі Kursiv.Media тілшісіне ғибадатхананы суретке түсіруге рұқсат бермеді.

Астана полиция департаменті 16 маусымда осы мәселеге қатысты шағын мәлімет берді.

«Полиция қызметкерлері қаладағы тәртіп пен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тынымсыз жұмыс істейді. Адамдар көп жиналатын, діни мекемелер орналасқан орындарда күзетті күшейту тәртіпті сақтау мен қауіпсіздік мақсатында іске асырылады».

2025 жылғы мамырда Kursiv.Media Астанадағы синагогаға күзет қойылғанын жазған. Сол кезде Израиль мен Палестина жанжалы өршіп тұрған.

Ал 13 маусымда Израильдің Астанадағы елшілігі қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқан.

Естеріңізге сала кетейік, 13 маусымда таңертең Израиль Иранның ядролық және әскери нысандарына соққы жасады. Тегеран Израиль мен АҚШ-тан кек алуға уәде берді.

Израиль сыртқы барлау қызметі Иранға қарсы шабуылды бірнеше жыл бойы ұйымдастырғаны мәлім болды. «Моссад» Тегеран маңына жасырын дрондар базасын құрған.

Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи Израиль соққылары кезінде бункерге тығылғаны туралы мәлімет тарады.

Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыста жүрген ел азаматтарына кеңес берді. Ал Air Astana мен FlyArystan ұшақтары Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз