
Жоғарғы сот «Атырау мұнай өңдеу зауытының» («ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес кәсіпорны) бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты сот үкімінің күшін жойды.
Ол 2024 жылы Атырау қаласы сотының үкімі негізінде Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық кодекстің 71-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты жазадан босатылды.
Сот үкімі бойынша Досмұратовтан мемлекет пайдасына 1 971 424 000 теңге мөлшерінде мүліктік залал өндірілетін болды.
Алайда 2025 жылы Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен алғашқы сот үкімі өзгертілді. Мұрат Досмұратовқа Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша 6 900 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Сот үкіміне Бас прокурор қарсы болған. Наразылығында Мұрат Досмұратовқа қатысты сот актілерін жою қажет екенін көрсеткен.
Бас прокурор сот актілерін жоюды және Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес қылмыстық істі тоқтатуды, Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты Мұрат Досмұратовты қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.
Жоғарғы сот іс материалдарын қарап, «Мұрат Досмұратовқа қатысты шығарылған сот актілерін заңды әрі негізді деп санауға болмайды, сондықтан бірінші сатыдағы соттың үкімі мен апелляциялық саты қаулысы жойылуы керек. Іс апелляциялық сотқа жаңадан қарауға жіберілуге тиіс» делінген іс материалдарында.
Осылайша, Бас прокурор наразылығы ішінара қанағаттандырылды. Қылмыстық іс Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жаңа құрамда қайта қарау үшін жіберіледі.