Тоқаев 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды

Қазақстан президенті 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтты.
Тоқаев жиын барысында Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды.
«Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады», – деді президент.
Сондай-ақ Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдер арасындағы гуманитарлық ықпалдастықты жандандырады.