Алматыда «Арыстан» базары сүріліп жатыр

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы «Ақсай-4» шағынауданындағы жалпы көлемі 2000 шаршы метрден асатын «Арыстан» базары сот шешімімен сүрілетінін хабарлады.
Әкімдік бұрындары жоспардан тыс жүргізілген тексеру барысында «Арыстан» базарының бір бөлігі еш рұқсат құжаттарынсыз тұрғызылғанын хабарлады.
«Фирма Тигрохауд» ЖШС меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданған.
«Анықталған жайттарға байланысты басқарма аудандық сотқа заңсыз тұрғызылған базар алаңдарын бұзу туралы талап арыз жолдаған еді. 2024 жылғы 1 наурызда сот ауданы базардың 2125,62 шаршы метр болатын бір бөлігін бұзу туралы шешім шығарды, 2024 жылғы 19 шілдеде Алматы қалалық соты бірінші шешімді өзгеріссіз қалдырды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Базарды сүру жұмыстары бүгін басталған.
Бұған дейін, «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс сүрілген.