Бюджет есебінен шетелдік спортшыларды қаржыландыруға тыйым салатың заң күшіне енді

Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт туралы жаңартылған заң күшіне енгенін хабарлады.
Министрлік жаңа заң спорт саласын жаңғыртуға, спорт саясатының тиімділігін арттыруға және бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталғанын атап өтті.
Заңға сай төмендегідей өзгерістер енгізіліп отыр:
- Командалық спорт түрлеріндегі клубтарды ұстауға арналған бюджет лимиттері айлық есептік көрсеткішке байланысты бекітілді;
- Азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды;
- Басым бағыт ретінде 60-тан астам спорт түрі айқындалды. Олардың шамамен 30-ы әрбір өңірінде дамытылады;
- Спорт федерацияларына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндеті жүктелді;
- Спорт федерацияларын аккредиттеуге қойылатын талаптар анықталды;.
- І топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдеу түсінігі енгізілді;
- Спорт ұйымдары басшыларын бес жылдық мерзіммен ротациялау жүйесі енгізілді.
Министрлі өзгерістер қазіргі жағдайды жан-жақты талдау негізінде қабылданғанын жеткізді.
«Елде 180-нен астам спорт түрі дамыса да, халықаралық ареналарда тұрақты нәтиже көрсететін небәрі 14 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрі бар. Қаржылық шығындардың өсуі, нәтиженің төмендеуі және жүйелі тәсілдің болмауы заңнамалық реформаның қажеттілігін туғызды», – делінген хабарламада.
Туризм және спорт министрлігі заңға енгізілген түзетулерді іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
Президент аталған заңға 15 сәуір күні қол қойған.