
Қытайда наурызда сатылымға шығып, нарықты дүрліктіріп үлгерген жапондық Toyota брендінің bZ3X электромобиль кроссовері Қазақстанда да сатылып жатқанын байқауға болады.
Kolesa.kz сайтында аталған модель туралы 12 хабарландыру жарияланған. Бағасы 9 млн теңгеден басталады. Бұл базалық жиынтығына ұсынылған прайс. Әрі бұл сатушылар ресми дилер емес. Қорғас арқылы көлік тасумен айналысатын жекелеген салондар.
Хабарландыруларға қарағанда көлік Алматыға келіп үлгерген. Десе де көп сатушылар автоны тапсырыс арқылы жеткізуге дайын. Ол түсінікті де, тұсауы енді кесілген кроссоверді нарық қатысушылары байқап көріп жатыр, сұраныс артқа, өзге қытай көліктері сияқты қаптайды.
Toyota bZ3X
Бюджеттік кроссовер 2025 жылғы наурызда Қытай нарығына арнап таныстырылған. Модельдің базалық нұсқасы Қытайда теңгемен санағанда 7 млн 300 мыңнан басталады. Бұл Toyota модельдік қатарының ішіндегі ең арзан автолардың бірі.
bZ3X электромобилін Toyota мен оның қытайлық серіктесі Guangzhou Automobile Group (GAC) бірлесіп жасаған. Көліктің өлшемдері: ұзындығы 4600 мм, ені 1875 мм, биіктігі 1645 мм, ал дөңгелек базасы 2765 мм. Бұл өлшемдер оны RAV4 моделіне ұқсас етеді. Алайда аталған модель RAV4-тен кішілеу.
Алғашқы сағаттардағы дүрбелең
Жаңа кроссовер сатылымының басталуы үлкен қызығушылық тудырған. Алғашқы 1 сағат ішінде дилер 10 000-нан астам тапсырыс қабылдап, GAC-Toyota серверлері жүктемеге төтеп бере алмаған.
bZ3X моделі арқылы Toyota әлемдегі ең үлкен автонарықта өз орнын нығайтуға және электромобиль өндірушілер арасындағы өсіп келе жатқан бәсекеге төтеп беруге ұмтылғысы келеді.
Еске сала кетсек. Былтыр қарашада жапондық Toyota мен қытайлық GAC компаниялары бірлесіп 2025 жылы электромобиль шығаратынын хабарлаған еді. Сол жоспарды қос автоконцерн көп ұзамай іске асырып отыр.