Ипотеканың шекті мөлшерлемесі қарашаға дейін қайтадан 25 пайыз болады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Банктер 2025 жылдың 1 қарашасына дейін ипотеканы жылдық 25 пайызбен беретін болды. Бұған дейін қаржы нарығын реттеуші органдар ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға түсірген еді. Яғни ипотека арзандауы тиіс болатын.

Алайда бұл өзгерістің күшіне енгеніне бір күн өтпей жатып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы бір қаулы қабылдап, банктерге қарашаға дейін уақыт берген. Құжатта ипотека бойынша шекті ЖТСМ 2025 жылғы 1 қарашаға дейін қайтадан 25% деңгейінде белгіленетіні жазылған.

Яни банктер қарашаға дейін ішкі жүйелерін қайта баптап, ипотекалық өнім шарттарын қарап шығып, ішкі құжаттары мен жарнамасын жаңартуы тиіс.

«Жоба екінші деңгейдегі банктерге ішкі есепке алу және операциялық жүйелерді жаңа параметрлерге бейімдеу, қолданыстағы және жаңа ипотекалық өнімдердің шарттарын қайта қарау, ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу, сондай-ақ ақпараттық-жарнамалық материалдарды түзетуді қоса алғанда, дайындық іс-шараларының кешенін өткізу үшін жеткілікті уақыт беру мақсатында әзірленді», – делінген қаулыныі түсіндірме жазбасында.

Айта кетейік, 16 маусымна ипотеканың шекті сыйақы мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға төмендеген. Бұл өзгеріс ипотека құнын арзандатып, қолжетімді ете түсуі керек еді.

Алайда сарапшылар пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі банктерге тиімсіз екенін ескерткен. Қазір Қазақстандағы базалық мөлшерлеме 16,5%-ды құрайды. Бұл банктің ақша тарту құны. Ал ЖТСМ шегі – 20%. Яғни банкте қалатын пайда – бар-жоғы 3,5 пайыз. Осы аз ғана айырмашылықпен банк тәуекел, инфляция, операциялық шығындарды жауып, табыс табуға тиіс. Бұл, әсіресе, қайталама нарықтағы несиелер үшін тиімді емес.

Енді банктер қайталама нарықтағы пәтерлер үшін ипотека шартын өзгертіп, ал кейбірі уақытша тоқтатты. 

Сондай-ақ оқыңыз