Банк пен қаржы

Қазақстан экономикасы мұнайдың арқасында ғана өсім көрсетті

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар–мамыр айында Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсіп, соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш байқатты. Бұл өсімге негізінен мұнай өндіру көлемінің артуы әсер етті. Сонымен қатар, көлік, құрылыс және сауда салаларындағы жандану да экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал етті.

Алайда Halykfinance сарапшысы Салтанат Игенбекова бұл өсімнің тұрақты емес екенін, негізінен мемлекеттік шығын есебінен болып отырғанын атап өтті.

«Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қысқа мерзімді экономикалық индикатор – КЭИ (яғни негізгі салалардағы нақты өндіріс көлемінің өзгерісі) 8,6 пайызға артты. Бұл көрсеткіш экономиканың шынайы жағдайын дәл көрсетеді және соңғы он жылда тіркелген ең жоғары деңгей болып отыр», – дейді сарапшы.

Сарапшылар 2025 жыл соңына дейін ел экономикасы 5,3 пайызға өседі деген болжам жасайды. Алайда бұл көрсеткішке жетуге бірқатар факторлар кедергі келтіруі мүмкін.

Олардың қатарында мұнай бағасының төмендеуі, инфляцияның жоғары болуы, қатаң ақша-несие саясаты, инвестиция мен өндірістің баяу қарқыны және жаһандық белгісіздік бар. Бұл факторлар алдын ала жасалған болжамдарды қайта қарауға себеп болуы мүмкін..

Қазақстан Үкіметі 2025 жылды 5,6 пайыздық экономикалық өсіммен аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа мұнай өндірісінің артуы, жаңа инфрақұрылым жобалары мен өнеркәсіптік өндірістің өсуі арқылы жетуге ниетті.

Алайда халықаралық ұйымдар мен сарапшылар бұл өсімге күмәнмен қарайды. Мәселен, Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсімі 5,3 пайыз деңгейінде болады деп болжайды Оған бірнеше себеп бар: әлемдегі тұрақсыздық, мұнай бағасының құбылуы, ішкі инвестицияның төмендігі және мемлекеттік шығындарға тәуелділік.

Бұған дейін Үкімет 2025 жылы экономиканы 6%-ға жеткізу үшін қандай шаралар қабылдап жатқанын хабарлаған.