Жаңалықтар

Астанада Орталық Азиядағы ең заманауи дата-орталық салынып жатыр

Астана қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Tier 4 деңгейіндегі
Tier 4 деңгейіндегі дата-орталық салынбақ / Фото: shutterstock

Астана қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Tier 4 деңгейіндегі дата-орталықтың құрылысы басталды. Бұл орталық AKASHI DATA CENTER компаниясына тиесілі. Жоба елге үлкен пайда әкеліп, 10 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуы мүмкін. Бұл туралы компанияның бас директоры Владислав Минкевич айтты.

Не үшін қажет?

Қазір Қазақстанда деректер сақтайтын серверлер жетіспейді. 2024 жылдың соңында елде 3800 сервер сөресі болғанымен, олар толып кеткен. Жаңа орталықта 4000 сөре болады. Бұл – бизнес, интернет қызметтері және мемлекеттік жүйенің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі.

Tier 4 деген не?

Tier 4 – бұл дата-орталықтардың ең сапалы деңгейі. Ондай орталықтар жылына бар-жоғы 26 минут қана тоқтауы мүмкін. Бұл әсіресе банктер мен финтех компаниялар үшін өте маңызды. Олар үшін сенімділік – басты талап.

Компания басшысы Владислав Минкевичтің айтуынша, әрбір 1 мегаватт қуат 100–250 жұмыс орнын береді. Ал бұл орталықта шамамен 42–50 мегаватт болады. Яғни, 7 500–10 000 адамға жұмыс табылуы мүмкін.

Жоба іске асса, Amazon, Alibaba, Netflix сияқты әлемге әйгілі компаниялар Қазақстанға келіп, қызмет көрсете алады.

Бұған дейін Қазақстанда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылатыны хабарланған.