Бельгиялық компания Қытай мен Қазақстан шекарасында айналма жол салады

Бельгиялық компания Қазақстан мен Қытай шекарасында айналма жол салады. Бұл туралы Олжас Бектеновтың Sarens басшысы Людо Саренспен кездесуі кезінде айтылған.
Кездесу барысында «Нұр жолы» өткізу бекетінің айналма жолын салу мәселесін талқылаған. Сонымен бірге тараптап өзара ынтымақтастықты, оның ішінде машина жасау саласы бойынша кеңейту перспективаларын да қарастырған.
«Жоба шекара маңы инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және қолданыстағы көлік ағындарына жүктемені азайтуға бағытталған. Салмағы 100 тоннадан асатын ірі габаритті жүктерді өткізуге арналған ұзындығы 3,2 шақырым және ені 12 метр айналма жол салу, сондай-ақ ауданы 81,6 га көліктерге арналған тұрақтар салу жоспарланып отыр», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жоба аясында қосымша автожол көпірі салынады. Айналма жолды компания өзінің жеке инвестициялары есебінен салуды жоспардап отыр. Жоба құны 50 млн долларды құрайды. жас Бектенов жобаның Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге сәйкес, еліміздің көлік логистикасын, сауда және транзиттік әлеуетін дамытудағы маңыздылығын баса айтты.
Айта кетсек, мұның алдында Қазақстан мен Қытай жаңа темір жол дәлізін ашу мәселесін талқылаған болатын.